Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов халық алдында есеп берді. Аймақтың бірінші басшысы көпшілік алдында 2018 жылы атқарылған жұмысты таразыға тартып, 2019 жылға арналған жоспармен бөлісті.
Агроөнеркәсіп: Майлы дақылдар алқабы 1 млн. гектарға жетпек
Ауыл шаруашылығы - Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі бағыт. Облыс әкімінің халықпен есеп беру кездесуінде айтылғандай, аталған салада өнім көлемі екі есе ұлғайған. Республикада өндірілетін нанның әрбір үшінші бөлкесі – Қызылжар топырағында өскен бидайдан алынады. 2018 жылы теріскей қамбасына 5,2 миллион тонна астық құйылды. Республикадаға майлы дақылдар алқабының 34 пайызы Солтүстік Қазақстанға тиесілі. Әртараптандыру бағытында атқарылған жұмыс нәтидесінде былтыр 976 мың гектар жерге майлы дақылдар тұқымы сіңірілді. Биыл көктемгі егіс науқанында бұл көрсеткіш 1 миллион гектар алқапқа дейін ұлғайтылмақ.
Құмар Ақсақалов атап өткендей, 2018 жыл мал шаруашылығы саласы үшін де табысты болған. Барлығы 146 миллиард теңгенің өнімі шығарылған. Көрсеткіш 102 пайызға өскен. Сүт өнімдері, жұмыртқа, арпа, ұн мен дәнді дақылдар экспорты артқан.
«Былтыр өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі 2017 жылға қарағанда 2 пайызға көтеріліп, 250,7 миллиард теңге болды. Ілгерілеушілік өнеркәсіптің барлық бағыттарында бар. Асыл және түрлі түсті металл өндірісінің 5 пайызға ұлғаюы есебінен металлургия өнеркәсібінің көлемі 58 пайызға көтерілді.Былтыр «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» және «С.М.Киров атындағы зауытында» технологиялық жаңғырту шаралары басталды. Оған ел қазынасынан 3,3 миллиард теңге жұмсалады. Келісімшарттар нәтижесінде өткен жылдың бірінші тоқсанында машина жасау кәсіпорындарының тапсырыс портфелі 20 миллиард теңге деңгейінде болып отыр», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Инвестиция: Бюджеттің 1 теңгесіне 3 теңге жеке инвестиция тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында 2018 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі сегіз пайызға артып, 212 миллиард теңгені құрады. Ал жеке инвестицияның үлесі 73 пайызды құрады. Бюджеттен бөлінген 1 теңге қаражатқа 3 теңгедей жеке инвестиция тартылған.
«Былтыр Республика көлемінде көлемінде ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялық қаржыда облысымыздың үлес салмағы 21 пайыз болды. Солтүстік Қазақстан - ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша елімізде көшбасшылық позицияны сақтап қалды. Биыл 6 миллиард теңгеден астам қаржыға «Alageum Electric» АҚ трансформатор зауытының құрылысын бастау және «CLAAS» германиялық компанияның ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша отандық және шетелдік компаниялармен барлығы 10-нан астам меморандумға қол қойылған. 7 ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, олар екі жылдан кейін өңіріміздің экономикасына 80 миллиард теңгеден астам қаржы әкеледі деп жоспарланған және 1500 жаңа жұмыс орнын құруға жағдай туғызады», - деді Құмар Ақсақалов.
Кәсіпкерлік: 2018 жылы СҚО-да 58 жоба іске асырылды
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тарихында қалған айшықты оқиғалардың бірі – «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы. Петропавлда қос елден келген 800 делегат қатысты. Туризм бағытында 25-тен астам келісімшарт жасалды. Арнайы көрмеде 3 күнде 7 мың адам болды.
Аталған саланы ілгерілету бағытында 2025 жылға дейін туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Нәтижесінде Имантау-Шалқар демалыс аймағы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы 10 нысанның қатарынан орын алды.
Халықаралық консалтингтік компания аталған демалыс орнының жұмысын жандандыру жөнінде жүйелі жоспар құрды. Құжатта он сала: инженерлік және автокөлік инфрақұрылым салу, демалыс орнын көркейту, жаңа инвесторлар тарту, маркетинг, жарнамала тиімділігін арттыру діттелген.
2019 жылы «Ботай» мәдениеті музейінің іргетасы қаланбақ. Энеолит дәуірінің ерекше археологиялық ескерткішіне Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында екінші жан бітпек. Оған мемлекет қазынасынан 2 миллиард теңге бөлінеді.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстанда 29 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп. Былтырғы жылдың 9 айында өндірілген өнімнің көлемі 370 миллиар теңгеден асты. 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайыз өсім бар.
Жол және ауыз су мәселесі: 2019 жылы 705 шақырым жол жөнделеді
Солтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдан бері 1900 мың жол жөнделді. Өткен жылы бұл мақсатқа 33 миллиард теңге жұмсалған. Биыл 700 шақырымның күрделі жөндеуіне 37,4 миллиард теңге жұмсалмақ. Соңғы екі жылда өңірде 12 миллиард теңгеден астам қаражатқа 355 шақырым құбыр тартылған. Биыл бұл бағытқа 8 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылмақ. 30 шақты ауыл таза ауыз сумен қамтылады. Облыс көлемінде орталықтандырылған желіге қолжетімділік 90 пайызға жетеді.
Құрылыс: 2 240 пәтер қолданысқа беріледі
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанда құрылыс қарқын алғанын атап өткен жөн. Былтыр 218 шаршы метр баспана халық игілігіне тапсырылды. Бұл дегеніміз – 2068 пәтер. Заманаиу оқушылар сарайы мен теннис орталығы ашылды. Жекеменшік сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары бой түзеді. Қаланың қақ ортасында орналасқан сауда павильондары алынып, жарық тартылды. Биыл 2 мыңнан астам баспана қолданысқа берілмек.
Білім: Үш ауысымдық оқыту жойылмақ
Үш ауысымдық оқытуды болдырмау мақсатында Қызылжарда мыңжарым орынға шақталған қос мектептің іргетасы қаланды. Білім ордаларында жаңа оқу жылында алғашқы қоңырау соғылады.
Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді бағдарламасын жүзеге асыру аясында қалада 900 орындық тағы бір мектеп салынады. 120 мектепті жөндеуге 5 миллиард теңге бағытталады. Сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жаңа оқу-зертхана корпусы салынады. Студенттер үшін 2 мың орындық бес жатақхана тұрғызылады.
Денсаулық сақтау: учаскелік дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға көтеріледі
Петропавлда заманауи офтольмологиялық орталық ашылды. Жаңа ашылған нысандардың қатарында отбасылық денсаулық орталығы мен онкологиялық диспансерге берілген қосымша ғимарат та бар. Төрт миллиард теңгеге арнайы қондырғылар алу көзделген. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда үш есе жоғары.
Мәдениет: 10 нысан ашылады
Солтүстік Қазақстанда 2016 жылдан бері 22 мәдениет нысаны ашылды. Биыл он ошақ ашылмақ. Өңірде 9 мемлекеттік музей бар. Қызылжар өңірінде мемлекет қорғауына алынған 600-ге жуық нысан тіркелген. Осындай баға жетпес құндылықтарды қорғау мақсатында арнайы орталық құрылды.
Қордаланған мәселелер де жоқ емес
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің халықпен есептік кездесуі қарсаңында әлеуметтік желілер мен Call-орталықта сауалдар қабылданды. Құмар Ақсақаловқа 200-ден астам сұрақ түскен.
Есептік кездесу жергілікті телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Жиында қойылған сұрақтардың басым көпшілігі денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Петропавл – аутизмге шалдыққан балалар саны бойынша республикада алдыңғы қатарлардың бірінде тұр. Осындай ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың бірінің анасы облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға арналған орталықтардың, оларды қоғамға бейімдеуге арналған білім ошақтарының жоқтығы жайында мәселе көтеді. Жиі көтерілген мәселелердің тағы бірі – жолдардың сапасы, баспана мәселесі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қойылған сұрақтардың ешқайсысы жауапсыз қалмайтындығын айтты. Есептік кездесу аяқталғанан кейін Солтүстік Қазақстан әкімі азаматтарды жеке қабылдады.