Облыстық ауруханада бүйрегі ауыратын науқастарға арналған орталық ашылды – Атырау

25 Наурыз 2022, 00:18
1882
Бөлісу:
Облыстық ауруханада бүйрегі ауыратын науқастарға арналған орталық ашылды – Атырау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облыстық ауруханасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында экстракорпоралды детоксикация орталығы ашылды, деп хабарлайды azh.kz.

Оның қуаты – айына 80 амбулаториялық пациент қабылдайды, бұдан басқа 14 стационарлық кереует бар. Орталық урология және гемодиализ бөлімшесінің базасында ашылып, оған арнайы 11 гемодиализ аппараты және детоксикацияның басқа түрлеріне арналған 3 аппарат сатып алынды. Бір гемодиализ процедурасы, дәрігерлердің айтуынша, шамамен 40 000 теңге тұрады, бірақ Қазақстан азаматтары үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсету тегін.

Өңірімізде гемодиализге мұқтаж 200-ден астам пациент бар. Олардың қатары үнемі өсіп жатыр. Пандемия кезінде ковидпен ауырған кейбір пациенттерде бүйрек ауруы асқынған. Сол кезде біз бүйрегі істен шыққан жүкті әйелді, басқа да науқастарды ажалдан аман алып қалдық. Ол кезде барлығы 100-ге жуық гемодиализ процедурасы жасалды, – дейді нефролог дәрігер Бауыржан Рахметов.

Оның айтуынша, гемодиализ қызметі біздің облыста өз жұмысын сонау кеңестік жылдарда бастаған. Оның жұмысы Одақ ыдыраған кезде айтарлықтай баяулап, 90-жылдардың ортасында демеушілердің көмегімен сол кездегі заманауи жабдықтар сатып алынғанда қайта жандана бастады.

Бүкіл науқасқа бір бөлімшенің қуаты жеткіліксіз болып, уақыт өте өңірімізде бірнеше орталық жұмыс істей бастады. Қазір олардың төртеуі бар: Атырауда 2-еу, Жылыой және Құрманғазы аудандарында бір-бірден.

Ең көп жүктеме біздің орталыққа түседі. Гемодиализге мұқтаж науқастарда қан қысымына, жүрекке қатысты басқа да проблемалар туындайды, олар үшін детоксикация режимін үзбей ем алу өте маңызды. Ал біздің орталық оларға қажетті жағдай жасайды. Бізде гемодиализден басқа плазмаферез және детоксикацияның басқа да түрлері жасалады, – дейді Б.Рахметов. 

Өзгелердің жаңалығы