Қарағанды облысында биыл бірнеше спорт нысаны салынады

12 Наурыз 2019, 09:29
2237
Бөлісу:
Қарағанды облысында биыл бірнеше спорт нысаны салынады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл аймақта 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен қаланың жаңа орталығында «Балалар және жасөспірімдер сарайы» салынады. Сондай-ақ, олимпиада стандарттарына сай жүзу бассейнінің құрылысы басталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағанды облысында 2019 жылы бірнеше спорт нысандары ашылып, тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады. Облыстық Дене шынықтықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2019 жылы аймақта үш ірі және үш шағын денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады.

«Абай және Қарқаралы қалаларында 320 адамға арналған ДСК салуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен спорт кешенін салу жайлы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум бойынша аталған компания Теміртауда 320 орындық спорт кешенін салады. Нысанның салынатын жері белгіленіп қойған. Сондай-ақ, Жезқазған қаласында, Жаңаарқа, Нұра аудандарында салынатын спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жезқазғандағы денешынықтыру-сауықтыру орталығында бассейн болады деп жоспарлануда», - дейді басқарма басшысы Дмитрий Карпов.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы кәсіпкерлердің қаржысына 160-250 шаршы метр аумақты қамтитын шағын спорт кешендері пайдаланылуға берілмек.

Биыл Қарағандының «Панел орталық» шағын ауданында xалықаралық талаптарға сай 50 метрлік жүзу бассейні салынады.

«Наурыз айында бассейннің жобалық-сметалық құжаттары дайын болады. Осыдан кейін құрылыс жұмыстары басталады», - дейді Дмитрий Карпов.

Мұндай бассейн Қарағандыда алғаш рет бой көтермек. Енді қарағандылық спортшылар жаттығуларын басқа қалаға бармай, өз қаласында өткізетін болады.

«Бұл бассейнде тек жаттығулар өткізіп ғана қоймай, мәнерлеп жүзуді дамытуға мүмкіндік болады. Азия чемпионатын да өткізуге болады. Сондай-ақ, тұрғындардың жүзу спортымен жаппай айналысуы үшін жағдай жасалады. Бассейн 10 жолақты болады және суға секіруге арналған мұнаралар салынады. Сондай-ақ, көрермендерге арналған 500 орындық зона да салу көзделіп отыр», - дейді Д.Карпов.

Жүзу бассейні күндіз спортшылар мен оқушыларға қызмет көрсетсе, кешкілік ақылы түрде жұмыс істейтін болады. Аталған жоба облыс бюджеті есебінен салынады.

Өзгелердің жаңалығы