Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталады

13 Сәуір 2020, 00:09
1698
Бөлісу:
Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы өткен жылы басқа облыстармен салыстырғанда салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 млрд144,6 млн теңгеге артық қамтамасыз етіп, екінші орынға шықты.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева айтып берді. Аталған сан өңір бюджетіне жоспардан артық 5 млрд 030,8 млн теңге түскенін көрсетеді.

Болжамның орындалуы бойынша облыс республикада үшінші орынға шықты. Десе де, бұл аймақ әлі де дотациялық болып қалуда, қаражатымыз жеткіліксіз, республикалық бюджеттен қаржылай қолдаусыз өңірдің әлеуметтік мәселелері орындала алмайды. Былтыр облыс бюджетінің шығыстары осы дотациялардың есебімен 323,3 млрд теңгені құрады. Әрине, түсімдердің айтарлықтай өсуін қамтамасыз ете отырып, республика бойынша екінші орынға шығу, бұл осы салада біршама жұмыс атқарылғанын айғақтайды, - деді Роза Әбдірқызы.

Оның сөзінше, облыстың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі бірлескен іс-қимылдың ғана емес, сондай-ақ әкімдік регламентінде, салық органдарымен жасалған меморандумда жоспарланған шаруалардың дұрыс және уақтылы жүргізілуінде. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тапуып жатыр. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда облыстың меншікті кірістері бойынша болжам 113,5 %-ға орындалып, 2 млрд 103,9 млн теңге жоспардан артық түсіпті.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда меншікті кірістер өсімі 107,8 %-ды құрап, 1 млрд 276,5 млн теңгеге артты. Бюджет қаражатының игерілуі де көпшілікті толғандыратыны анық. Шығыстардың құрылымы бойынша бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталуда. Айталық, былтыр мұндай шығыстар 198,8 млрд теңгені немесе 61,2 %-ды құраған. Әлеуметтік сала нысандарын салуға және қайта жаңартуға айтарлықтай қаражат жұмсалады. Олардың уақтылы, тиімді игерілуіне аймақтың тыныс-тіршілігі сапасының жақсаруы тәуелді, ал бұл жергілікті атқарушы органдардың алдына қойылған зор міндет, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Роза Исаеваның айтуына қарағанда, бұл деректердің барлығы қоғамға қолжетімді, "Ашық үкімет" порталдында, "Ашық бюджет" интернет-порталының "Материалдар" бөлімінде азаматтық бюджеттің атқарылуы туралы есептер үнемі орналастырылып тұрады. Сонымен қатар облыс бюджетінің кірістері мен шығыстарының орындалуы жөніндегі ақпарат басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ай сайын жарияланады. Облыстың әрбір тұрғыны өзін қызықтырған ақпаратпен таныса алады.

Бюджет қаражатын игерудің толықтығы мен уақтылығы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне және қаржы басқармасының дер кезінде мониторинг жүргізуіне байланысты. Күнделікті мониторинг жүргізу проблемалық учаскелерді анықтауға, оларды тиісті басқармаларға жеткізуге, қажет болған жағдайда кеңестік және басқа да көмек көрсетуге мүмкіндік береді, қаражатты толық игеруге көмектеседі. Осындай шаралардың нәтижесінде, өткен жылы біздің облыс бюджет қаражатын 99,9 %-ға игеріп, басқа облыстармен салыстырғанда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді, - деді ол.

Роза Әбдірқызы бүгінде еліміздегі экономикалық өсімді қамту үшін ішкі ресурстарға да мән берген дұрыс екенін алға тартты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдарға бағынысты мекемелердің санын азайту, бәсекелестік ортаға беру, оларды оңтайландыру немесе жою, әкімшілік шығындарды кеміту мақсатында жекешелеудің кешенді жоспарын жасауға айрықша мән берген болатын. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру жұмыстары Жамбылда 2018 жылы басталды. Сол жылы жүргізілген шаралардың арқасында 276,6 штат қысқарса, былтыр тағы 797,1 штатты қысқарттық. Ал бұл 552,2 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік бергенін айтуға тиіспіз, - деді ол.

Роза Исаева сөзінің барысында аймақтағы квазимемлекеттік сектор субъектілерін жекешелендіру нәтижелерін мәлімдеді. Белгілі болғандай, жыл басында Жамбыл облысында сатып алу құны 23,0 млрд теңге болатын 11 ұйым сенімгерлік басқаруға берілген. 16 ұйым 2,7 млрд теңгеге сатылса, 7 ұйым қайта ұйымдастыру немесе қосылу арқылы жойылыпты.

Спикердің сөзінен тағы ұққанымыздай, үш ұйымның, атап айтқанда, Тараз қаласындағы "Тараз Тұрғын үй", "Жасыл ел Тараз", "Сауда-сатып алу компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жекешелендіру және тарату процесі әлі аяқталмаған. Ал өңірде барлығы 37 ұйым бәсекелес ортаға берілетін ұйымдар тізбесіне енген.

Бәсекелес ортаға өткен ұйымдардың қызметіне жасалған талдау мен мемлекеттің жекешелендіру тактикасы оң нәтижелер беріп жатқандығын айта кеткен жөн. Мәселен, сенімгерлік басқаруға берілген облыстық 9 ұйымның 7-уі бергенге дейін шығынмен шыққан болса, бүгінде олар пайдамен шығып отыр. Нақты санға жүгінсек, ол ұйымдар сенімгерлік басқаруға берілгенге дейін 160 374 мың теңге көлемінде шығынмен шықса, былтырғы қорытындымен жалпы сомасы 362 570 мың теңге пайда тапқан, - деді басқарма басшысы.

Жауапты маманның айтуынша, сенімгер басқарушылардың өз міндеттемелерін орындай алмай қалған кездері де болған. Сондықтан олармен жасалған келісім-шарттар бұзылған. Ал былтырғы коммуналдық меншікті басқарудың тиімділігіне баға беру осы жылдың қараша айында шығарылады.

Жоғары баға аламыз деп үміттенеміз, өйткені, облыстың барлық мемлекеттік органдары және коммуналдық кәсіпорындарында қыруар шаруа атқарылуда. Мәселен, коммуналдық меншікті басқарудан жоспар бойынша 983,0 млн теңге түсу қажет болса, нақты 1014 млн теңге түсті немесе жоспардың орындалуы 103 %-ды құрады, - деген Роза Әбдірқызы мемлекеттік мүлікті жалға беру толығымен электронды форматқа көшірілгенін де жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы