Нығматулин: Мүгедектік санатын айқындау оңайлатылуда

26 Мамыр 2021, 12:50
1166
Бөлісу:
Нығматулин: Мүгедектік санатын айқындау оңайлатылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта 7 мен 16 жас арасындағы мүгедек балаларды қайта қарап, куәлік беру мәселесі көзделген.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, енді ата-аналар балаларының мүгедектігін дәлелдеу үшін кабинет жағалап, құжат жинамай, цифрлық технологияның тиімділігін қолдану қажет.

Балалардың мүгедектік санатын анықтау рәсімі жеңілдетілген және белсенді түрде жүргізу керектігін айтқан Мәжіліс Төрағасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, іс-қимыл жоспарын жасау қажеттігіне назар аударды.

Н.Нығматулиннің айтуынша, ата-аналар тарапынан наразылық болдырмау үшін ақпараттық жүйелердің барлық интеграциялық процестерін тез аяқтап, барлық қол жетімді цифрлық технологияларды қолдану тиіс.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы осының барлығын халыққа дұрыс түсіндіру керектігін айтып, ол үшін тиісті заңнамалық шаралар қабылданғанын жеткізді.

Айта кету керек, Заң жобасында 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы енгізу; мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру, бұл мүгедек балалары бар және асыраушысынан айырылған отбасылардың кірісін арттыруға мүмкіндік береді (норма 2 мыңнан астам адамға әсер етеді); сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алу кезектілігін бала 18 жасқа толған жағдайда да сақтау көзделеді.

Өзгелердің жаңалығы