Нығматулин ПИК жұмысы туралы: Тұрғындар ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейді

10 Сәуір 2019, 12:02
2139
Бөлісу:
Нығматулин ПИК жұмысы туралы: Тұрғындар ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Осы орайда Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ПИК жұмысын сынға алды.

Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярға сауалын жолдады. 

«2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан заңнамада ай сайын күрделі жөндеу үшін «жинақ шотына» пәтер иелеріне бір АЕК-тің 0,005 деңгейінде қаражат жинау міндеті қарастырылған. Бүгінде бұл айына әр шаршы метрге 51 теңгені құрайды. Бұл норма заң жобасында сақталған, бірақ жұмыс істемейді. Сонда норма жұмыс істемесе не үшін сақталған?» - деп сұрады депутат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұл мәселені жұмыс тобымен бірнеше рет талқылағанын атап өтті. 

«0,002 АЕК 1 шаршы метрге 51 теңгені құрады. Көп азаматтарымыз үшін бұл сома жоғары емес және норма міндетті емес болатын. Кондоминиумның 12 проценті ғана белгіленген қаржы сомасын күрделі жөндеуге жинаған. Бұл заң жобасында осы тәжірибені есепке ала отырып, АЕК-тің 0,005 бөлігін алдық, яғни төмендеттік. Бұл енді 51 теңге емес, 12 теңге. Ең аз жарна. Одан жоғары болмайды», - деп жауап берді Скляр.

Мәжіліс спикері Нығматулин норманың жұмыс істемеуінің бұл бір ғана себебі емес екенін және нзаң жобасында норманы сақтап қалудың дұрыс шешім екенін айтты. 

«Біріншіден, қазіргі заңнамада сіз айтқан күрделі жөндеуге жиналған барлық сома пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жалпы шотына жиналады. ПИК-тің жалпы шоты деген не? Бұл бірнеше үйге қызмет етеді, төлем жасаушының пікірімен санаспай жиналған қаржыны жұмсайды. Сонда кім төлегісі келеді?» - деп сұрады Мәжіліс төрағасы.

Нығматулин елордадағы жағдайға байланысты мысал келтірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда бір ПИК бірнеше тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Ал ПИК институты құрылған кезде ПИК ең көп дегенде 2-3 үйге ғана қызмет көрсеткен. 

«Астананы алайық. Әкімдіктен мәлімет алдық. Бүгінде астанада 488 пәтер иелерінің кооперативі бар. 2609 үйді біріктіреді. ПИК институты құрылған кездегі принцип бойынша, бір ПИК-те ең көп дегенде 2-3 үй болуы тиіс еді. Қазір бір ПИК құрамына 5-тен жоғары үй бар. Бірнеше мысал келтірейін, «Тұлпар» ПИК – 11 үй, мұның бәрі көп пәтерлі үйлер. «Жарық» – 11, «Ақмола» – 15, «КАЗКАТ» – 17, «Түркістан» – 18, «Мечта» – 23, «Луж» – 24. Барлығы көпқабатты, көппәтерлі үйлер. Біздің тұрғындарымыз қайда төлейтінін, не үшін төлеп жатқанын қайдан біледі? ПИК-тардың жинақ банкілерінде бірнеше үйдің ақшасы жатыр. Келесі сұрақ, оны кім жұмсайды? Қарапайым тұрғынға 51 теңге деген норманы айттыңыз. Олар ақшаның қайда кететінін түсінбейді. Мұнымен кім айналысады? 24 көпқабатты 10 үй болса, әр тұрғын төлесе, қаржы қайда кетіп жатыр? ПИК төрағасы ол ақшаны не істеп жатыр? Бұл басты себеп», - деді спикер. 

Мәжіліс төрағасы пәтер иелерінен күрделі жөндеуге жиналатын барлық қаржы «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасымен жиналуы тиіс екенін ескертті.

«51 теңге деп айттық. 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді алсақ, айына 3060 теңге, жылына 40 мың теңге. Тұрғындар неліктен мұндай жарнаны төлеуден бас тартады? Себебі қайда, не үшін төлеп жатқандарын білмейді. Сіздер мұны төмендеттіңіздер. Заңнама бойынша барлық қаржы «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасымен жиналуы тиіс. Сол үйдің тұрғыны шот сомасында нақты қанша қаржы бар екенін білуі тиіс. ПИК басшысы әр сомаға есеп береді. Мұның бәрі депутаттардың бастамасы бойынша енгізілді. Мына жерге «жалаңаш»  заң жобасымен келдіңіздер. Сосын осында бәрін «турап тастадық». Бұл норманы заңға енгізсек жұмыс істейтін болады. Әр тұрғын ай сайын 3060 теңге берсе, оны не үшін беріп жатқанын біледі. Бұл ашықтықты, халықтың қаржылық жүктемесін төмендетуді қамтамасыз етеді. Ең бастысы шығынды бақылауға мүмкіндік береді. Осы норма заңда болуы қажет», - деп тапсырды Нығматулин ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы