Нығматулин Дәленовке: Базарда жүресіз, енді өңірлерді аралаңыз

13 Наурыз 2019, 11:39
7002
Бөлісу:
Нығматулин Дәленовке: Базарда жүресіз, енді өңірлерді аралаңыз

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке өңірлерді аралауға кеңес берді. 

«Руслан Ерболатұлы, өз қызметіңізде базарларда түсірілген фотосуреттерді белсенді қолданатыныңызға қарағанда, сіз сонда жүресіз. Бұның өзі жақсы. Егер өңірлерге шыға бастасаңыз, және де сіз барасыз деп ойлаймын, ол жерлерде тағы бір проблеманы көресіз. Биыл Павлодар облысынан бастап, бүкіл Қазақстан бойынша картоп пен қияр сатылымы құрдымға кетті. Бұның себептерінің бірі – нарықта тауарлардың көптігі, оның ішінде екіжақты келісімшарттар бойынша төмендетілген баж салығымен келген тауарлардың көптігі. Сіз министр ретінде бүкіл осы тізімді қарап шығыңызшы. Себебі, біз қазақстандық тауар өндірушілердің, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін Үкімет тарапынан қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек», - деді Нұрлан Нығматулин.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осы сұрақты бақылауға алатынын айтты. 

Еске салсақ, Ұлттық экономика министрі Үкімет отырыстарының біріне базардағы көкөніс пен оның бағасы бейнеленген фотосуретті әкелген болатын. Осылайша, Руслан Дәленов нарықтағы бағаны қадағалауда ұстап отырғанын көрсеткен еді.

Атап өтсек, бүгін Мәжіліс «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.
Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы