Нұржігітов: Біздің негізгі міндетіміз - халыққа қызмет көрсету

8 Қаңтар 2023, 09:41
715
Бөлісу:
Нұржігітов: Біздің негізгі міндетіміз - халыққа қызмет көрсету

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданына барып қарлы боран және қатты дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын тексерді, де хабарлайды BAQ.KZ.

Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары «Көкбұлақ» сумен қамту қоймасында электр желілерінің жөндеу жұмыстарымен танысудан басталды.

Су қоймасының негізгі қызметі - «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Осыған айрықша назар аудартқан облыс әкімі желілерді реттеу жұмыстарын жедел әрі сапалы орындау керектігін атап өтті.

Келесі кезекте аймақ басшысы Жаңатас қаласының орталық жылыту қазандығында барды. Бүгінде қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде. Қалаға жылу берілген. Қазіргі таңда 97 көпқабатты үйлер бойынша айналымды ретке келтіру, ауа шығару шаралары орындалуда.

Облыс әкімі орын алған төтенше жағдайдан сабақ ала отырып, қазандыққа қосымша электр желілерін тартудың маңыздылығын баса айтып, жауаптыларға бұл бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан соң Нұржан Нұржігітов зардап шеккен бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» торабының ғимараттарын аралап көрді.

Жалпы қалада қатты желден 9 нысан айтарлықтай бүлінген. Олардың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық жұмыстарға жергілікті мердігерлер тартылған.

Аймақ басшысының аудандағы сапары жедел штаб отырысында түйінделді.

Жиында барлық жауапты тұлғалардың есептері тыңдалды.

Аудандық РЭС мекемесінің мәліметі бойынша аудандағы 726 шақырым электр желісінің 62 шақырымы үзіліп, 10,5 мың бағананың 240-ы (156 жоғары, 84 төменгі кернеулі) құлаған. Бүгінгі күнге 51 шақырым электр желісі, 151 бағана қалпына келтірілген.

Қазіргі таңда аудандағы 25 елді мекеннің 23-не жарық берілді, оның ішінде, Жаңатас қаласы бойынша 97 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жарыққа қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Облыс әкімі барлық жұмыстар сапалы әрі жедел орындалуы керектігін ескертті.

Барлық қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы толығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңызды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз - халыққа қызмет көрсету,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, облыс әкімі азық-түлікпен тапшылығын болдырмау мәселесіне ерекше назар аудартты.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде ауданға 17 мың бөлке нан жеткізілген.

Өзгелердің жаңалығы