«Нұрлы жол» мақсатқа жеткізді ме?

10 Қаңтар 2021, 14:55
2518
Бөлісу:
«Нұрлы жол» мақсатқа жеткізді ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан алты жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғанда оның негізгі міндеттерінің бірі – 2020 жылға дейін көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту болатын. Бағдарлама өзінің бес жылдық межесіне өткен жылы жеткені, 2025 жылға дейін жалғасын табатыны туралы білеміз. Оның осы бағыттағы нәтижелері мен жоспарлары жайлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Пайдалану басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев айтып берген болатын.

– Ғабит Зиябекұлы, бағдарламаның бірінші кезеңінде қандай шаралар атқарылды және жалғасын табатын жұмыстар жайлы ақпаратпен бөлісе кетсеңіз...

– «Нұрлы жол 2015-2020» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы бойынша 3 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланды. Шамамен 10 мың шақырым жол жөнделді. Жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөндеуден өтті. Ал республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарымен қамтамасыз етілуі 49%-ға жеткізілді.

2020-2025 жылдарға 11 мың шақырым жол салу және 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Жергілікті маңызы бар жолдардың 27 мың шақырымы жөнделеді деп көзделген. Бұдан бөлек, барлық республикалық желіні жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– Ал өткен жылы қанша жол салынып, жөнделді?

– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2020 жылы 4 мың км республикалық маңызы бар автожолдар реконструкциялау жұмыстарымен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша соның 2,6 мың шақырымында қозғалыс ашылды.

1,8 мың км республикалық жол күрделі және орташа жөндеумен қамтылды. Оның ішінде 1,1 мың шақырымы пайдалануға берілді.

Бұл шаралар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық автожолдар желісінің үлесін 89%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

– Республикалық, халықаралық маңызы бар жолдардың құрылысы толықтай аяқталды ма?

– Қазақстан аумағы арқылы алты халықаралық дәліз өтеді. Олар: Ташкент-Қорғас; Шымкент-Самара; Нұр-Сұлтан-Екатеринбург; Алматы-Петропавл; Астрахань-Түркменстан шекарасы; Омбы-Майқапшағай. Басты мақсат – дәліздерді II техникалық санатқа жеткізу.

Бүгінге дейін Ташкент-Қорғас, Шымкент-Самара, Нұр-Сұлтан-Екатеринбург дәліздері қалпына келтірілген.

Алматы-Петропавл; Астрахань-Түркменстан шекарасы; Омбы-Майқапшағай дәліздерінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңызына келер болсақ, аталған автожол жобаларын жүзеге асыру еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, өңірлердің экономикасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

– Ақылы жолдарға тоқталып өтсеңіз, өткен жылы олардың саны қанша болды, келер жылдары тағы қаншасын қосу жоспарланған?

– Қазіргі уақытта ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы учаске бар («Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай»).

«Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесі 2013 жылы пайдалануға берілсе, қалған учаскелер 2019 жылы қолданысқа берілді.

2020 жылы республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы жолдарды енгізу жүзеге асырылмады.

2024 жылдың соңына дейін ұзындығы 11 мың шақырым болатын автожол учаскелерінде ақылы жүйені енгізу көзделген.

2021 жылы ұзындығы 5,8 мың км учаскеде ақылы жүйені енгізу жоспарлануда. Ақапарт үшін оларды атап өтейін. Олар: Орал-РФ шекарасы (Саратов), Қапшағай-Талдықорған, Тараз-Қайнар, Қызылорда-Шымкент-Тараз, Шымкент- Өзбекстан шекарасы, РФ шекарасы (Орынбор)-Ақтөбе-Қызылорда, Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы (Самара), Павлодар-РФ шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Қостанай-РФ шекарасы (Троицк), Ақтау-Бейнеу, Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт- Өзбекстан шекарасы, Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау.

Ұзындығы 5,2 мың шақырым болатын қалған учаскелер жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай 2024 жылдың соңына дейін ақылы болмақ.

– Олардан қанша пайда түсті және қайда жұмсалды?

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы ақылы учаскелерден түсетін алымдар 5,5 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 3,9 млрд. теңге - ақылы автомобиль жолдарын күтіп, ұстау, 1,6 млрд.теңге - ақы алу жүйесіне қызмет көрсету.

– Ақылы жолдардан түскен қаржының мақсатты жұмсалуы қалай қадағаланады?

– «Автомобиль жолдары туралы» заңның 5-бабына сәйкес халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы алудан алынған ақша Ұлттық оператордың жеке шотында есепке алынады және төмендегі шығыстарды қаржыландыруға жіберіледі:

1) ақылы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға, жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін ұстауға;

2) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешендерін енгізу және орнату мақсаттары үшін тартылған инвестицияларды қайтарумен қамтамасыз етіледі;

3) автомобиль жолдарында ақылы қозғалысты ұйымдастыру;

4) ақылы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау үшін жол-пайдалану техникасын сатып алу және оған қызмет көрсету арқылы жүзеге асырылады.

Алымнан алынған қаражатты ақылы учаскелер бойынша бөлуді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүзеге асырады.

Ақылы учаскелерде қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жүзеге асырады.

Бұдан басқа, Қаржы министрлігі жанында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп, ақылы автожол учаскелерінде олардың қызметінің нәтижелері бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның есебін жыл сайын тыңдау өткізіледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы