Биыл "Нұрлы жер" бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

5 Тамыз 2020, 16:49
1446
Бөлісу:
Биыл "Нұрлы жер" бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл соңына дейін елімізде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру көзделген. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 159 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылмақ. 1 шілдедегі жағдай бойынша аталмыш қаржының 843 млрд теңгесі игеріліп, 923 жоба іске асты. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық үлес 93 пайызды құрап отыр, - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев. 

Брифинг барысында Қайырбек Өскенбаев тұрғындарды қолжетімді баспанамен ғана емес, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда екендігін алға тартты. Оның сөзінше, бүгінде елімізде 47,7 млрд теңгенің 71 жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

Қала тұрғындарының сапалы ауызсумен қамтылу көрсеткішін 97,7 пайызға, ауыл тұрғындарының 87,7 пайызға жеткізу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, - деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, аталған шара барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың үш жылдық жоспары жасалатынын айтты.

Бүгінде елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ бар. Олардың инфрақұрылымдық дамуына 344,4 млрд теңге қаржы жұмсалған, - деді Аманияз Ержанов.

Арнайы экономикалық аймақтардағы жобаларды жүзеге асыру барысында өткен жылы 23,8 мың жұмыс орны ашылып, 108 млрд теңгеден астам салық төленіп, 2,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздегі арнайы экономикалық аймақты дамытудың үш жылдық стратегиялық жоспарын жасауды қолға алмақпыз. Үш арнайы экономикалық аймақтың территориясы кеңейтілді. Олардың қатарында - Астана-Технополис, Қызылжар, Морпорт Ақтау аймақтары бар. Сондай-ақ, Оңтүстік арнайы экономикалық аймағының аумағын кеңейту мәселесі қарастырылуда, - деп баяндады вице-министр. 

Оның мәліметінше, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалдық аймақтарды дамытудың заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы