Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Алайда жәбірленуші тарап тергеу барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгенін айтып, істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр.
«Отырар ТВ» телеарнасының мәліметінше, өз үйінің маңында танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураның қарауына берілген.
Бұл туралы марқұмның ағасы мен жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді. Алайда іс материалдарымен танысқаннан кейін марқұмның туыстары тергеу қорытындысымен келіспейтіндерін айтты.
Олардың сөзінше, тергеу барысында берілген бірқатар өтінішхат қаралмаған, сондай-ақ іс материалдарында елеулі кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты олар қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр.
Іс материалдарын зерделегеннен кейін бізде көптеген сұрақ туындады. Кейбір өтінішхаттарымыз мүлде қаралмағанын анықтадық. Бұдан бөлек, тергеу барысында елеулі кемшіліктерге жол берілген. Осы ескертулердің барлығын прокурорға жолдаған шағымымызда көрсеттік. Онда анықталған заң бұзушылықтарды атап өтіп, қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрадық. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл шағымымызға жауап алған жоқпыз, – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, іс сотқа толық көлемде жетпеуі мүмкін деген қауіп бар. Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған.
Алайда жәбірленуші тарап прокуратура айыптау қорытындысынан «Сталкинг» пен «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптарын алып тастауы мүмкін деп алаңдап отыр.
Осыған байланысты марқұмның туыстары Бас прокуратураға жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрады.
Біз Бас прокуратурадан бұл істі жеке бақылауына алуды сұраймыз. Айыптау «Сталкинг», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» баптарының үшеуі бойынша да толық сақталуын талап етеміз. Іс материалдарын зерделегеннен кейін айыптың жекелеген баптары өзгертілуі немесе алынып тасталуы мүмкін деген қауіп бар. Біздің алаңдаушылығымыздың себебі де осы. Өйткені прокуратура бекітетін айыптау қорытындысы кейінгі сот талқылауына тікелей әсер етеді, – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.