Нұрай Серікбаны өлтіру ісі бойынша алғашқы сот отырысының күні белгіленді

Алдын ала тыңдау 21 шілдеде өтеді. Сот істі қарау тәртібін және алқабилердің қатысу-қатыспауын анықтайды.

 видеодан скриншот 18 Шілде 2026, 15:46
18 Шілде 2026, 15:46
201
Фото: видеодан скриншот

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы тағайындалды.

Алдын ала тыңдау 2026 жылғы 21 шілде күні сағат 10:00-де Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Оның айтуынша, сотта марқұмның отбасының мүддесін өзі және адвокат Мұхамеджан Ахметов қорғайды.

Алдын ала сот тыңдауы барысында сот істің мәні бойынша қарауға дайын екенін анықтайды. Сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу тәртібі белгіленіп, сот процесінің алқабилердің қатысуымен өтетін-өтпейтіні туралы мәселе қаралады.

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Наверх