Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

25 Маусым 2021, 15:25
7436
Бөлісу:
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бірнеше күн бұрын Дариға Назарбаева ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминге еліміздің аумағы 98 пайыз байланыспен қамтылды деген ақпаратқа сенбейтінін айтқан еді. 

Бұл жағдайдың Нұр-Сұлтаннан Жидебайға аттанған салт аттыларға не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыздар. 

ат21.jpeg

Салт атпен жүргенде адам ауыл немесе елді мекен іздеуден гөрі, байланыс ұстайтын жерді көбірек іздейді. Себебі ауылға барып жөн сұрағаннан, білетін адамға хабарласып, анығын білген әлдеқайда тиімді. Сондықтан адасқандар ел іздегеннен, байланыс ұстайтын жер іздейді. 

ат13.jpeg

Біз Талды стансасынан таңғы 9-да аттандық. Қоянды ауылынан эстафетаны қабылдап алған Талғат Әбішев жол бастап шықты. 

Десе де біз MAPS.ME арқылы жетер жердегі елді мекен, ауыл, қоналқаны белгілеп отырамыз. Осы жолы да Доғалаң ауылын (кординат: 49.572823, 76.778635) белгілеп, жолға шықтық. Талды стансасынан 65 шақырым екен. 

ат11.jpeg

Қарқаралы тауларын аралап, Боқты көтерілісі болған жерді басып өтіп, Бопы қыстағынан астық. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Бопыда тұратын шаруалар Доғалаңға дейін 40 шақырымдай қалғанын айтты. Ал біздің карта бойынша 25 шақырым көрсетіп тұр. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Жолбасшымыз Талғат Әбішев біз баратын ауыл оң жақта екенін ескертті. Біздің карта сол жақты нұсқады. Біз сол жаққа, яғни карта нұсқаған жаққа жылжыдық. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Доғалаң ауылына 10 шақырым қалғанда адасқанымызды түсіндік. Енді бағанағы Дариға Назарбаеваның сөзі ойға оралды. Бұл өлкеде Beeline операторынан басқа ешбір байланыс жоқ. Оның өзі биік жерде, белгілі бір орында ғана ұстайды. Амалсыз біздің келесі қоналқамыз - Қараөлең ауылын бетке алып, бет түзедік. Бұл бағыт жолбасшымыз Талғат айтқан жақ еді. Нағыз «ғасырдан да ұзақ күн, ғарыштан да ұзақ жол» басталғанын түсіндік. Уақыт кешкі сағат 20:00 болды. 

Сілбі жаңбыр да бір жағынан сібірлеп тұр. Мұқағалидың «Адасқанда» деген өлеңінің бір жолы ойға оралады. «... Әлі жүріп келеміз бе-ей, келеміз...» 

Аз жүрдік пе, көп жүрдік пе, бір кезде байланыс ұстады. Жігіттер бірден бізді күтіп отырған адамдарға хабарласты. Олар да бізді күтіп отыр екен. Дереу алдымыздан шықты. Доғалаң ауылына әлі де 20 шықырымдай жол бар екен. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Түнгі сағат 12 болды. Жаңбыр тоқтады. Алайда бұлт арылмай, түн қараңғылығын одан сайын қоюлатып тұр. 

Ауылға бағыт алдық. 

Біздің адасып кетуіміздің себебі анықталды. Бірінші - картаны анық көру үшін байланыстың болмауы, екінші - карта бізге Айнабұлақ ауылының «Доғалаң» деп аталатын бөлімшесін көрсетіпті. Ал біз баруға тиіс Доғалаң ауылы картада «Киікқашқан» деп белгіленген (кординаты: 49.355527, 76.982208) екен. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Ауылға бағыт алғанда кешке жол таппай, аннан-мұннан жол іздеп, өрлі-қырлы шапқылаған Берік Ақылбековтің астындағы Байшұбар тоқтап қалды. 

Басқа-басқа Байшұбардың тұрып қалуы экспедиция мүшелері үшін күтпеген жағдай еді. Сапардағы аттардың ішінде ең белдісі осы еді. 

Жігіттерді алға жіберіп, Байшұбарды жетекке алып Мерген екеуміз қалдық. Ауылға әлі 15 шақырымдай жол бар. Сағат түнгі 1:30 болды. Жол соғып, бұрлығып қалған ат ілбіп басады. 5 минут демалтып, 15 минут жүріп, таңғы 5-те ауыл шетіне іліндік. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Күнде жолға шығу үшін орнымыздан тұрып жататын уақытта, жамбасымыз жер иіскеді. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Бізді күтіп алған жігіттермен де танысып үлгерген жоқпыз. Үй иесінің есімі Қуатбек екенін ғана құлағым шалды. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Дариға Назарбаевамен келісеміз. Біз адастық

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бозоқ-Жидебай бағытында жолға шыққан салт аттылар сапарының бас ақпараттық демеушісі – BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Өзгелердің жаңалығы