Нұр-Сұлтанда «Сайран» аула клубы ашылды

12 Тамыз 2021, 15:19
6452
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «Сайран» аула клубы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Астана жастары» КММ-мен бірлесіп «Сайран» тұрғын үй кешенінде орналасқан жаңа аула клубын ашты. 

Оның тәрбиеленушілері трибунасы бар футбол алаңында жаттыға алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Сайран» құрылыс компаниясының бас директоры Талғат Қожахметовтің айтуынша, тұрғын үй кешенінің жобасында аула клубы мен стадион салу сонау 2009 жылы қарастырылыпты.

Нұр-Сұлтанда «Сайран» аула клубы ашылды

Алаң шағын футбол стандарттына сай 20х40 метр, трибунасына екі жүзге жуық адам сыяды. Мұнда футбол және гандбол турнирлерін өткізуге болады. Бұдан бөлек шешінетін және жуынатын бөлмелері қарастырылған. Бізде теориялық сабақтарға арналған зал бар, онда жұрт әңгіме-дүкен құрып, шахмат, дойбы секілді зияткерлік ойындар ойнай алады. Балалардың күні бойы үйінен шықпай, диванда жатып, телефон шұқылауы дұрыс емес. Стадион мен аула клубы балаларымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы үшін қажет, - деді Талғат Қожахметов.

Ашылу салтанатында клуб балалары допты ұршықша иіріп, шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, жұрттың таңдайын қақтырар матч өткізді.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аула клубтарының санын 30-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтанда «Сайран» аула клубы ашылды

Қазір елордада 28 аула клубы жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді қадамдық күйде түрлі секцияларға тегін баруын қамтамасыз ету, - деді ол.

«Сайран» Сарыарқа ауданындағы бесінші аула клубына айналды, жыл басында тек екеуі ғана болатын.

Жаңа клубтың балалары негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан. Футбол секциясына тұрақты түрде іріктеу жүргізіледі, сондай-ақ аула клубтары арасында чемпионаттар өткізу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы