«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі: Сауалдар мен жауаптар

29 Қаңтар 2022, 12:18
2492
Бөлісу:
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі: Сауалдар мен жауаптар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Элита ішіндегі тұтастық саяси бірізділіктің кепілі, саяси сабақтастықтың символы, жүйелік төңкерістің болмайтындығының көрсеткіші болуы керек. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек айтты.

 Оның айтуынша, әдетте көп қызығушылық тудыра қоймайтын партиялық жиын бұл жолы «Жаңа Қазақстан» құруға бет алған биліктің негізгі бағытын айқындауға ықпал етуі тиіс мағынаға ие болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы сөзінен кейін ең күтілген нәтиже «Nur Otan» партиясының съезі болатын. Егер естеріңізде болса, тұңғыш Президент өз сөзінде билік тізгінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген. Оның куәлігі ретінде Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде тағайындалғандығы және жақын арада орын алатын «Nur Otan» партиясының съезінде партиядағы жетекшілік рөлдің де Президентке жүктелетіндігін атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан съезге байланысты туындайтын сауалдар да, оның символикалық мәні де, онда айтылған мәлімдемелердің астары да өте маңызды. Әдетте көп қызығушылық тудыра қоймайтын партиялық жиын бұл жолы билік транзитінің аяқталуы мен «Жаңа Қазақстан» құруға бет алған биліктің негізгі бағытын айқындауға ықпал етуі тиіс мағынаға ие болды. Аналогияны салыстырып қарар болсақ Кеңестер дәуірі аяқталар кезеңдегі Қазақ КСР-і коммунистік партиясының соңғы съезінің отырысында жасалуы ықтимал мәлімедеме секілді күтілді. Саяси элитаның белсенді бөлігін қамтитын бұл жиынның тарихи маңызы ерекше. Ол кезде тұңғыш Президент өзінің партия мүшелігінен шығатындығын және Қазақстандағы жүйелік өзгерістердің көп партиялық, демократиялық бағытта ойысатындығы жөніндегі мәлімдеме болатын. Бұл ол кезеңде әлі де әлеуеті жоғары, қоғамдағы күші басымдыққа ие саяси күштің рөлінің төмендегінің көрсеткіші еді, - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті.

Сарапшы «Нұр Отанның» қоғамдағы рөлін бірнеше факторлармен айқындап берді.

«Nur Otan» соңғы съезі қандай сауалдарға жауап беруі тиіс еді?
Ең бірінші туындайтын сауал, «Жаңа Қазақстан» қаншалықты дәрежеде бұрынғы идеологиялық және элиталық шеңберде әрекет етеді? «Nur Otan» отыз жылдық тәуелсіздік кезеңінде ең іргелі саяси партия мен күшке айналғандығы белгілі. Әрине оның рөлін коммунистік партияның рөлімен салыстыруға келмес, бірақ саяси жүйе құраушы институт ретінде «Nur Otan» рөлі әлі де ерекше. Бұл бірнеше фактормен айқындалады. Біріншіден, осы уақытқа дейін партия тек партиялық функция емес, мемлекеттің кадрлық резерві функциясын атқарғандығы белгілі. Билікке келген тұлғаның негізгі дені осы партияның мүшесі болатын. Бұл белгілі бір дәрежеде тұлғаның саяси сенімділігінің көрсетікші оның негізгі критерийлерінің бірі болды. Екіншіден, партия мүшелерінің негізгі дені басшылық шешімін күтті. Себебі, далаға шыққан адамдар саны қанша көп болды дегенмен, партия мүшелері санынан аз. Оның үстіне халықтың негізгі денінің саяси қарсылыққа бармағандығын ескеру қажет. Бұл тұлғалардың барлығы съезд шешімін күтіп отыр. Бұл тұлғалар үшін күдік пен күмән әлі де сейіле қойған жоқ, - деді ол.

Мемлекет бұдан әрі қалай әрекет етеді деген сауал әр партия мүшесін мазалағандығы хақ. 

Бұл тұрғыдан саралар болсақ партияның бұдан кейінгі «әрекет қабілеттігі», «құқық қабілеттігі» мәселесі көп түйіннің жауабы болары сөзсіз еді. Екінші маңызды мәселе партияның төрағалығы таза символикалық мәнге де ие. Элита ішіндегі жанжал немесе бөліністің болмағандығының көрсеткіші. Элита ішіндегі тұтастық саяси бірізділіктің кепілі, саяси сабақтастықтың символы, жүйелік төңкерістің болмайтындығының көрсеткіші болуы керек. Үшіншіден, партиялық басшылық - қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының билігінің легитимділігінің көрсеткіші. Себебі «Нұр Отан» парламенттік көпшілік. Парламент билік тармақтарының бірі. Парламент формальды түрде болса да халық өкілдігінің көрінісі. Әрине соңғы жылдары бұл салада, әсіресе сайлау мәселесіне келгенде бәрі «сүттен ақ, судан таза» болды деп айтуға келмес. Бірақ бүгінгі күні бізде басқа Парламент жоқ. Қаласақ та, қаламасақ та осы институтпен жұмыс істеу керек. Оның үстіне жерглікіті атқарушы органдар да, орталық атқарушы орган басшылары да осы партияның мүшесі. Президент Тоқаевтың өзі де осы партияның өкілі. Биліктің берілгенінің символикалық мәні де осында жатыр. Бұл жәй техникалық өзгеріс емес. Бұл Елдегі биліктің бір қолға көшкендігінің және ішкі элитаның бұл процессті мойындағанының көрсеткіші, - деді ол.

Төртіншіден, негізгі туындаған сауал ол партиялық жүйеге қатысты болғандығы сөзсіз. 

Мәселе мемлекет басшысын саяси реформаларды жүзеге асыратындығы туралы мәлідемесі шынайы партиялық құрылыс пен демократиялық өзгерістердің бастамасы болады ма, жоқ әлде жүйелік өзгерістер асықпай сараланып жүзеге асырылады ма деген сауал төңірегінде болғандығы сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлының Елбасының тарихи рөліне тоқтай отырып, тарихи жауапкершілік контекстінде кейбір кемшіліктер де жіберілгендігін мойындауы,  өзінің партия төрағасы ретіндегі рөліне қайта оралатындығы туралы мәлімдемесі, біріншіден «Жаңа Қазақстан» жағдайында Президент институтының қайта қаралу ықтималдығы мен жыл соңына дейін партиялық құрылыс пен саяси реформалардың жүйелі кешені жасалатындығына сенім ұялатады. Жалпы алғанда ХХІ съезд сөзсіз тарихта қалатын маңызды саяси қадам болғандығы жөнінде күмән жоқ, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы