Nur Otan-ға жаңа мүшелер қабылдау тоқтатылды – Байбек

11 Қыркүйек 2020, 16:14
1532
Бөлісу:
Nur Otan-ға жаңа мүшелер қабылдау тоқтатылды – Байбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Бүгін праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитетінің отырысында Nur Otan партиясына жаңа мүшелер қабылдауды биылғы 11 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта, яғни дауыс беру аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Соңғы кезде бізге жекелеген азаматтардан «өз» кандидаттарына дауыс бергізу мақсатында партияға мәжбүрлеп кіргізу туралы «арыздар» түсуде. Бұған мүлдем жол беруге болмайды деп есептеймін. Мұндай әрбір фактіні түрлі деңгейдегі партиялық бақылау комиссиясы жан-жақты қарайтын болады, - дейді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бері Nur Otan-ға 25 мыңдай жаңа белсенді азамат мүшелікке өткенін айтты.

Жарғыға сәйкес партияға мүше болу еліміздің әрбір азаматының ерікті және өзіндік таңдауы болып табылатынын тағы да атап өткім келеді. Соңғы жылдары «партияластар қатарын тазарту» аясында Nur Otan-нан 256 мың адам шығарылған болатын. Бүгінде партиямыз қатарында барлығы 835 мың қазақстандық бар. Өздеріңізге мәлім, праймеризде онлайн-дауыс берудің айқындығын қамтамасыз ету үшін біз арнайы растау (верификация) жүйесін пайдаланып отырмыз (тұлғаны интернет-банкинг үлгісі бойынша анықтау). Жүйенің принципі: «Бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес». Егер осы деректердің бірі сәйкес келмесе, онда адам «праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркеле алмайды, яғни дауыс бере алмайды. Мұның барлығы түрлі айла-шарғыға, бұрмалаушылықтарға, сондай-ақ ықтимал жаппай дауыс беруге жол бермеу мақсатында істеліп отыр, - дейді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы