20 маусым күні Алматыда нөсер жауын мен бұршақ жаууы мүмкін. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 20 маусым сағат 15:00-ден бастап 21 маусым сағат 02:00-ге дейін қалада кей жерлерде 20 мм-ге дейін жауын-шашын, найзағай және бұршақ күтіледі. Бұл – бірнеше сағат ішінде маусым айына тән жауын-шашын мөлшерінің үштен бірінен астамы (маусым айына арналған норма – 59 мм). Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, 3-8 м/с жылдамдықпен, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді деп күтілуде. Күндізгі ауа температурасы +28…+30 °C.
20-нан 21 маусымға қараған түні қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болады деп болжануда, күндіз жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде +17…+19 °C, күндіз +31…+33 °C.
22 маусымда – ауыспалы бұлттылық, күндіз кей жерлерде қысқа мерзімді жаңбыр және найзағай болады. Ауа температурасы түнде +20…+22 °C, күндіз +28…+30 °C.
Су басудың алдын алу мақсатында мотопомпа мен құрал-саймандармен жабдықталған 52 мобильді жедел бригада кезекшілікке шықты. Қажет болған жағдайда жұмысшылар мен арнайы техниканың саны арттырылатын болады, – деді қала әкімдігінде.
Аудандық әкімдіктерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жұмыстарға бақылау жүргізіледі. Күндізгі уақытта 426 арнайы техника, 26 мотопомпа, 895 жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Сондай-ақ "Алматы қалалық құтқару қызметі" ШЖҚ МКК тарапынан 12 техника мен 55 қызметкер, ТЖД тарапынан 58 техника мен 245 жеке құрам мүшесі жұмылдырылды.
Алматының бірнеше ауданында жарық өшкені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Алматы облысы мен қаланың өзі де жарықсыз қалғанын жаздық. Белгілі болғандай, кеше кешкі уақытта Алматы өңірінің тұтынушылары жарықпен толықтай қамтылған.