Норвегиялық ҮЕҰ Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдайды

15 Сәуір 2023, 18:25
763
Бөлісу:
Норвегиялық ҮЕҰ Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдайды
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко төрағасы Торе Нэрлэнд бастаған «Bike for Peace» үкіметтік емес ұйымының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері бойынша пікір алмасты. Роман Василенко 2045 жылға таман, яғни БҰҰ құрылуының жүз жылдық мерейтойына орай Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құруға бағытталған күш-жігердегі дәйекті саясаты туралы хабардар етті. Сонымен қатар дипломат елімізде жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалар туралы және Әділетті Қазақстанды құру тұрғысынан парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы хабарлады.

Өз кезегінде Нэрлэнд әлемнің түрлі елдерінде велотурлар аясында саясаткерлермен, қоғаммен, жастармен өткізілетін кездесулері барысында ядролық қарусыз әлемді насихаттауға бағытталған «Bike for Peace» қозғалысының қызметі туралы айтып берді. 1977 жылы қозғалыс құрылғаннан бері барлығы 120-дан астам елде 250 велотур ұйымдастырылды.

Норвегиялық ҮЕҰ Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдайды

«Bike for Peace» ұйымының Қазақстанмен де көп жылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар. Мәселен, 2011 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай оның белсенділері Семей-Алматы-Астана көпкүндік веложарысын ұйымдастырды. Ал 2015 жылы қазақстандық АТОМ жобасының қолдауымен және оның құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков пен атақты қазақстандық Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың қатысуымен Вашингтон-Нью-Йорк веложарысы ұйымдастырылып, бейбітшілік және ядролық қарусыздану месседжі БҰҰ ғимаратына жеткізілді.

Норвегиялық ҮЕҰ басшысы Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартудың үлгісі болып табылатынын атап өтті. 

Биыл және келесі жылы біз Азия елдері арқылы Нью-Йорк қаласына дейін үлкен велотур ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз және ол «Қазақстанға қараңыз – олар ядролық қарудан құтылды!» деген ұранмен өтеді, – деді ол.

Норвегиялық ҮЕҰ Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдайды

Әңгіме соңында министрдің орынбасары қозғалыс белсенділеріне олардың маңызды бастамаларын іске асыруда сәттілік, сондай-ақ еліміздегі сапарының жемісті өтуін тіледі. Астанадан кейін делегация Семей мен Алматыға аттанады, онда мектептер мен университеттердегі дәрістер, азаматтық қоғамдастықпен кездесулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы