Ноғаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты

27 Қазан 2020, 11:30
1890
Бөлісу:
Ноғаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның мұнай өңдеу зауытына барды, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

1985 жылы салынған Шымкент мұнай өңдеу зауыты республикамыздағы ең жаңа зауыт болып табылады. Зауыт Қазақстанның үш МӨЗ-дері өндіретін мұнай өнімдерінің жалпы ағымдағы көлемінің 30%-ын өндіреді. Шымкент МӨЗ-інің жобалық қуаты жылына 6,0 млн тоннаны құрайды. 

Сапар барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов екі кезеңге бөлінген жаңғырту жобасының аяқталу қорытындысымен танысты, оның шеңберінде 11 технологиялық қондырғы мен 29 жалпы зауыттық шаруашылық объектісі салынды және пайдалануға берілді. Изомерлеу қондырғысын іске қосу бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін жоғары октанды бензиннің өндірісі 100%-ды құрады, ал Кеден Одағы Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес моторлы отынның сапасы К4 және К5 экологиялық классқа жетті (Евро-4 және Евро-5 аналогтары). Жаңғыртудың екінші кезеңі шеңберінде кәсіпорынның жарағы «RFCC» каталитикалық крекинг қондырғылары, «Prime G+» бензинді гидротазалау, «Merox» шекті және шекті емес газдарды тазалау, сутегі және басқа да тазалау кешенімен толықты. Осының арқасында зауыттың қуаттылығы жылына 6 млн. тоннаға, ал мұнай өңдеу тереңдігі 85%-ға артты. 

Жаңадан салынған технологиялық қондырғыларды тиімді басқару мақсатында зауытта жаңа мамандықтар енгізілді. Бұл мамандықтарға ШМӨЗ қызметкерлерін Қазақстанның және шетелдегі ұқсас кәсіпорындарында оқытты. 445 жаңа жұмыс орны ашылды. Құрылысқа барлығы 4800 адам жұмылдырылды. 

Жаңғырту жобасы зауытты өндірістік күрделі жаңа деңгейге шығарды, бұл ШМӨЗ-ді тек барлық стандарттарға ғана емес, сондай-ақ жаңа сапа менеджмент халықаралық жүйесіне сай қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті кәсіпорынға айналдырды. 

Сонымен қатар, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мұнай өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесті. Сапар соңында Нұрлан Ноғаев межеленген жоспарларды орындау және барлық мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
2020 жылғы 9 айда Қазақстанда мұнай өңдеудің жалпы көлемі 11,5 млн тоннаны құрады.


Өзгелердің жаңалығы