Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 қарашада Нұрлан Ноғаев екі күндік жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-сапардың алғашқы күні аймақ басшысы Шебір, Тұщықұдық, Ақшымырау, Қызан ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды аралап, бүгінгі жағдайын көрді.
Сонымен қатар, құрылысы 7 жылға созылған «Шепте-Қызан» автожолының құрылысын көрді. Бүгінгі таңда аталған жолдың «Мәстек-Қызан» аралығындағы 25 шақырымын салу жұмысы басталған. Биыл аудандық дәрежедегі бұл жолға республикалық бюджеттен 375 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда 4 шақырым айналма автокөлік жолы дайын. Жоба 2023 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі басты міндет қаражатты игеру емес, автомобиль жолдарын сапалы салу және уақтылы пайдалануға беру екенін атап өтті.
Нұрлан Ноғаев сапары барысында шаруа қожалықтарымен қатар, мал ұстап отырған ауыл тұрғындарының үйіне де барды. Маңғыстау облысындағы төрт түліктің 44 пайызы осы ауданда тіркелген. Биыл қуаңшылыққа байланысты 100 шаруа қожалығы мен 2493 үй шаруашылығына барлығы 530 млн-ға жуық теңге төленді.
Аудандағы басты мәселенің бірі - ауыл тұрғындарының қолда бар малын тіркемеуі және жайылымға жіберген төрт түлігін бақылып отырмауында болып отыр.
Өңір басшысы мемлекет тарапынан қолдау алу үшін мал басын тіркеудің маңыздылығын атап өтті.
Тіркелген мал басына салық төленбейді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бұл керісінше шаруаларға қаржылау қолдау алуға, ветеринариялық көмекке жүгінуге мүмкіндік береді. Осының барлығын шаруаларға жіті түсіндірулеріңіз керек. Биылғы қуаңшылық барлығымызға ортақ сын. Мемлекет қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті қаржылық және әкімшілік қолдау көрсететін болады, бірақ мал иелерінің өздері де өз мүмкіндіктерін, орын алған қиыншылықтарды дұрыс бағалап, мал шаруашылығымен тиімді айналысуы қажет. Жайылымы мен жем-шөбін қамтамасыз ете алатын жағдайда мал ұстауы керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінде ауданда қысқы мал азығын дайындау ісі қызу жүруде. Ауданға Қостанай, Ақтөбе облыстарынан 18 300 тонна жем тасымалданды. Ал жалпы жеткізілетін қысқы шөп қоры 8600 тоннаны құрайды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет пен жергілікті атқарушы орган облыстың ауыл шаруашылығы саласын жақсартудың түрлі нұсқаларын пысықтауда. «Қазақстан Темір жолы» АҚ-мен келіссөздер жүргізіліп, олар біздің өңір үшін мал азығын тасымалдауға уақытша төмендетілген тариф енгізді. Егер бұрын бір вагонды тасымалдау 400 мың теңге болса, қазір 100 мың теңгеге жуық. Сондай-ақ, қысқы жем-шөп бағасын төмендетуге бағытталған басқа да механизмдер жұмыс істеуде. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау, - деді облыс әкімі.Жұмыс сапарындағы бірінші күннің қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.