Қазақ күресінен Ербол Сыпатаевты еске алу турнирі өтті

3 Қараша 2021, 13:57
3182
Бөлісу:
Қазақ күресінен Ербол Сыпатаевты еске алу турнирі өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Ербол Сыпатаевтың құрметіне жастар арасында «Қазақ күресінен» қалалық турнир өтті.

Шара Алматы қаласындағы Орталық саябақтың М.Әуезов атындағы стадионының Күрес алаңында ұйымдастырылды.

Турнирге 16-23 жас аралығындағы 80-ге тарта қала жастары өтініш беріп, бес салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.

Шара мақсаты Желтоқсанға қатысушы азаматтардың атын ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету. Желтоқсанның қадір-қасиетін жастардың бойына сіңіре отырып, патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал ету. Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу. Жастардың Қазақ күресіне қызығушылығын арттыру және насихаттау, - дейді шара ұйымдастырушысы, Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Турнирге Қазақ күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов бастаған Мылтықбаев Абылайхан, Ілесбеков Жолдасбек, Хамитов Жангелді, Ырысдәулет Мәулен, Күнесбай Төлеген, Базарбаев Еркебұлан сынды тәжірибелі төрешілер қазылық етті.

Сайыс нәтижесі бойынша 55 кг салмақ дәрежесі сайысының нәтижесі бойынша бірінші орынды Сапарғалиев Дәулет, екінші орынды Шакеров Мирас, үшінші орынды Тайжан Әділжан мен Дәулетбақ Ақжол өзара бөлісті. 60 кг салмақ дәрежесі сайысының нәтижесі бойынша, алғашқы екі орынды Асиев Ильзат пен Әбділда Ақжол, үшінші орынды Орынбай Салман мен Астанов Бақдәулет иеленді. 66 кг салмақ дәрежесі сайысының нәтижесі Нұрсейтов Нұрсұлтан бірінші, Жанәділ Жандос екінші және Ескендір Жандос пен Рахматулла Олжастың үшінші орынды иеленуімен аяқталса, 74 кг салмақ дәрежесі сайысының нәтижесі бойынша бірінші орын Төлеген Ердәулетке, екінші орын Еламан Бекзатханға, үшінші орын Астанов Арсен мен Төлеген Ердәулетке бұйырды. 90 килограмнан жоғары салмақ дәрежесі сайысының нәтижесі бойынша, жеңімпаздар болып бірінші орын Жорабек Ерсұлтан, екінші орын Әбдірахман Орынбасар, үшінші орын Ыдырысов Әлемжар мен Өмірәлі Азамат атанды.

Тартысты өткен турнирде болашақ қазақ елінің чемпиондарын көрдік деуге негіз бар. Кейбірінің өнеріне тәнті болған төрешілер, арнайы аталымдармен марапаттап, есімдерін атап көрсетті.

Олардың қатарында «Үздік палуан» Жорабек Ерсұлтан, «Шебер палуан» Нұрсейітов Нұрсұлтан, «Әккі палуан» Еркінұлы Жігер бар.

Турнир барысында байқалғаны, қазақ жастарының Қазақ күресіне деген ынтасының артқандығы. Салмақ дәрежесі сай келмеген жастарды күрес ережесі бойынша қатыстырудан бас тартқан ұйымдастырушыларға, «қанша салмаққа қоссаңыздар да күресемін, тек қатыстырсаңыздар болды» деп табандылық танытқандарына тәнті болдық.

Қазақстан жастарының спорттың осы түріне әуестенуі, қазақ күресінің даму деңгейінің едәуір жоғарылауына, балуандардың шеберлігінің қалыптасуына, жастардың қазақ күресімен жаппай шұғылдануына септігін тигізер еді. Қазақ күресімен шұғылданатың жастар арасынан, өздерінің спорттық кемелденуін спорттық күрестің халықаралық және олимпиадалық түрлерінде жалғастыратын спортшылар қалыптасары сөзсіз.

Жасөспірімдер мен жастардың ұлттық ойындарға қызығушылықтарын ескере отырып, орта мектептер мен колледждерде дене тәрбиесіне және сыныптан тыс қосымша сабақ кезінде тек бағдарламадағы жаттығуларды ғана емес, ұлттық спорт түрлері мен ойындарын оқу жоспарына енгізсе нұр үстіне нұр болар еді.

Шараға Ербол Сыпатаевтың туған бауыры Ержан Сыратаев Ұзынағаш ауылынан арнайы келіп қатысты.

Жарыс өте жоғары деңгейде ұйым¬дастырылды. Бауырым Ерболдың есімін ескеріп, жас ұрпаққа үлгі етіп, осындай азаматын ұлықтап, турнир өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді Е.Сыпатаевтың бауыры.

Сонымен қатар, шараға желтоқсаншы ұйымдар, қала әкімдігі өкілдері, әйгілі спортшылар қонақ ретінде қатысты.

Шараны спорт журналисі, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, шараны ұйымдастырушылардың бірі Ақын Ордабай тартымды етіп жүргізіп отырды.

Турнир соңында жеңімпаздарға жүлделер тапсырған Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымының басшысы Болат Құрымбаев, Қазақ күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов жас балуандарға ақ жол айтып, ел намысын әлемдік додаларда қорғайтын спортшылар болуларына тілектестік білдірді.

Турнирді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры, Желтоқсаншы ұйымдар және Абай атындағы ҚазҰПУ ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы