Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттеріне лекция оқыды.
Әлемдік деңгейдегі көрнекті экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің сарапшылары мен студенттері алдында сөйлейді.
Аталған шараны ҚазАТУ мен мен G-Global халықаралық хатшылығы ұйымдастырды.
«Жаһандық экономиканың жаңа дәуірі: цифрлық революция, энергияның ауысуы, климат және өсу полюстерінің кері кетуі» атты пікірталас-лекция шеңберінде доктор Майкл Спенс жаһандық экономикалық тенденциялар туралы әңгімеледі.
Әлемдік экономикаға коронавирус індетінің ықпалы өте зор болды. Соның салдарынан әлемде экономикалық құлдырау орын алды. Ал осы құлдырауды болдырмау үшін біз вакцинацияға жүгінуіміз керек еді. Алайда әлемдегі дамыған елдер үлкен қателік жіберді. Ол – алпауыт елдердің дамушы және дамымай қалған елдерге вакцинация беріп, көмек көрсеткен жоқ. Сол себепті де вакцинациялау жұмыстары әлемде баяу жүргізіліп жатыр. Егер осы бойы қала беретін болса, әлем жақын уақытта экономикалық құлдырауды тежей алмайды, – дейді Нобель сыйлығының иегері.
Сонымен қатар ол экономикалық мүмкіндіктерді бағалау жолдары туралы айтты. Негізгі түйін, үлкен өзгерістердің жаңа дәуірі хақында болды. Нобель сыйлығының лауреаты сонымен бірге бүкіл әлем үшін де, Қазақстан үшін де, Орталық Азия үшін де экономикалық дамуға қажет маңызды көрсеткіштерді ашып айтты.
Сарапшылар мен көрермендер, жаһандық экономика, цифрлық даму, энергетикалық өсу, экологиялық оңалу мен ауылшаруашылық және азық-түлік секторындағы жаңа үрдістер бойынша түйткілді мәселелерді ортаға тастауға мүмкіндік алды.
Талқылауды экономика мен инвестиция саласындағы сарапшы Марат Бірімжан жүргізді.