Ниязова: Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы әлі көтерілген жоқ

28 Наурыз 2024, 13:44
322
Бөлісу:
Ниязова: Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы әлі көтерілген жоқ
Фото: скрин

Сенатор Нурия Ниязова өзінің депутаттық сауалында балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, жетім балаларға арналған мамандандырылған үйлерде жұмыс істейтін педагогтар түрлі сырқаты бар балалар тәрбиесімен және білім берумен айналысады. Мамандандырылған педагогикалық білімі бар олар өздерінің кәсіби дағдыларын сақтау және дамыту үшін тиісті біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Алайда, олар білім беру саласы мұғалімдерінің жалақысын көтеруді реттейтін қазіргі кездегі Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ ерте жастағы балалар тәрбиесі және дамыту функциясын орындайтын денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтар туралы да ештеңе жазылмаған.

Сенатор осыдан бір жыл бұрын осы тақырыпқа ұқсас депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Ол онда кәдімгі мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімі кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған болатын. Олар логопедтер, психологтар, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтар, Монтессори мұғалімдері, музыка жетекшілері сияқты еңбеккерлер. Үкімет ол кезде осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген еді. Алайда, бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ.

Ол тақырып бойынша біздің бұрынғы депутаттық сауалға 2023 жылғы 25 мамырда жауап келді. Алайда балаларымыздың дамуында әлеуметтену үшін қосымша білім беруде шешуші рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалып отыр. Бұл осы мекемелердегі жоғары білікті кадрлардың саладан кетуіне әкелуде. Осыған байланысты, тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тәсілдермен жүргізілген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді тапсыруды сұраймыз. Сондай-ақ ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңына енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат керек, - деді Нурия Ниязова.

Өзгелердің жаңалығы