Ниет болса тіл үйрену қиын емес – Владислав Вебер

30 Тамыз 2021, 13:27
2212
Бөлісу:
Ниет болса тіл үйрену қиын емес – Владислав Вебер

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Конституция күні – қазақстандықтар үшін басты мерекелердің бірі. Ата Заңымыз 26 жыл бойы халықтың мүддесін қолдап келеді. Оның негізінде барлық негізгі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жүргізілді. Біртұтас ұлт болу үшін тіл бірлігін нығайтудың маңызы зор. Мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орнығуына үлес қосып жүргендердің бірі - Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Владислав Вебер.

- Владислав, сіз қазақ тілін жетік білесіз. Өміріңізде мемлекеттік тіл қандай орын алады?

- Мен СҚО Уәлиханов ауданы Мортық ауылында дүниеге келдім. Мектепте орыс сыныптары болған жоқ, сондықтан мен мемлекеттік тілде оқыдым, оған әрине, өкінбеймін. Білім деңгейім 2018 жылы облыс орталығындағы ІТ-мектеп-лицейге түсуге және оның алғашқы түлектерінің бірі болуға мүмкіндік берді.

Қазақ тілінде сөйлесең, түркітілдес – түрік, өзбек, қырғыз тілдерін түсінесің... Достық үйінде құрамына қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері кіретін мемлекеттік тілді насихаттау орталығы белсенді жұмыс істейді. Қатарластарым менің қазақ достарыммен еркін араласатынымды көргенде, оларда да сенім пайда болды: мақсат қойсаң кез келген тілді еркін меңгеруге болады. Ниет болса тіл үйрену қиын емес. Қазір түрлі тілдерді, соның ішінде қазақ тілін тегін үйренуге мүмкіндік беретін көптеген ресурстар бар. Бірақ ең дұрысы – тілдік орта, тірі байланыс дер едім.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің түлегісіз. Таңдаған мамандығыңыз жүрек қалауыңыз ба?

– Мен педагогика және филология факультетінің үшінші курсына ауысып, неміс тілі мұғалімі мамандығын алдым. Мамандық таңдауда көп ойландым. Өзімді әр салада сынап көргім келді. Бастапқыда медицина және халықаралық қатынастар туралы ойладым. Соңында неміс тілін таңдап, педагогикалық қызметке тоқталдым. Отбасымызда бес баланың екіншісімін. Мен үшін кішкентай балалармен жұмыс істеу, сабаққа көмектесу немесе ойын ұйымдастыру қиын емес. Неліктен оны болашақ мамандықтың негізі етпеске?

Қазіргі уақытта ҚХАА жастар қанатына жетекшілік етесіз. Ассамблеядағы қызметіңіз неден басталды?

- Мен Достық үйіне «Wiedergeburt» неміс қоғамы арқылы келдім. Менің этникалық тегім туралы білген соң, ЖОО қабылдау комиссиясында маған неміс қоғамының байланыс нөмірі берілді және егер бейіндік пән ретінде неміс тілін таңдасам, грант берілетінін түсіндірді. Осылайша мен бір мезгілде университетке түсіп, «Wiedergeburt» жұмысы туралы да білдім. Содан бері Достық үйінің көптеген іс-шараларына қатысып келемін. Этносаралық және конфессияаралық теңгерімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен рөл атқарады. Жастар қанатынан бөлек, мемлекеттік тілді насихаттау орталығының көшбасшысымын. Біз өз ортамызда қазақ тілін үйренуді насихаттаймыз, конкурстарға қатысамыз. Мысалы, мен Абай өлеңдерін оқығаным үшін екі рет жүлделі орынға ие болдым. Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық келісімнің бірегей моделі, сенім, ынтымақтастық және өзара түсіністіктің ерекше атмосферасы қалыптасты. Тәуелсіздік жылдарында Ассамблея қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, өзінің басты міндетін табысты орындады.

Мемлекеттік тілді насихаттау барысында қандай жұмыстар атқарылуда?

–Ассамлеяда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның ұлтаралық қарым-қатынастағы рөлін нығайту мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этностардың жастарын біріктіреді. Орталық бастамаларының арасында-Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Күй құдіреті» интернет-акциясы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Ақиық ақын мұрасы» онлайн-эстафетасы, 1001 мақсат, 101 жұмбақ» викторинасы бар. Онлайн форматта «Жамбылдың жыры – халықтың үні», «Айбынды алаш арысы» атты дөңгелек үстелдер өтті. 160-қа жуық оқушы Қазақстан этностарының 6 тілін және мемлекеттік тілді «Шаңырақ» клубында оқиды.

Ойға алған арман-мақсаттарыңыздың барлығы жүзеге асты ма? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Экологиялық акциядан кейін біз қала тарихын білуге арналған квест-ойын өткізуді шештік. Мен іс-шара тұжырымдамасын жасадым, сценарий жаздым. Қатысушыларды әлеуметтік желілер арқылы шақырдық, көшедегі адамдарды тартты. Үш команда шықты, біз оларды топтарға бөлдік: жартысы Достық үйінде, қалғандары қала бойынша әртүрлі жерлерде тапсырмаларды орындады. Әр нүктеде қатысушыларды тапсырма мен қала тарихына шағын экскурсия күтіп тұрды. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және шағын сыйлықтармен марапатталды. Квесттен кейін ойынға қатысушылар «мені топқа қосыңыз, мен де көмектескім келеді» деп хабарласа бастады. Біз қатысушыларды қандай да бір жас шектеулерінсіз қабылдаймыз. Бізде студенттер де, жоғары сынып оқушылары да бар. Ең бастысы – белсенді болу, өз идеяларыңызды ұсыну және оларды жүзеге асыруға көмектесу.

Жоспарлар өте көп, бірақ пандемия бүгінгі күнмен өмір сүру керек екенін көрсетті. Тамыз айында Ақкөл қаласының балалар үйіне баруды жопарлағанымызбен, «қызыл» аймаққа байланысты кездесуді кейінге қалдыруға тура келді. Қазір біз концерттік және ойын-сауық бағдарламасын дайындаудамыз, демеушілер іздеудеміз. Сондай-ақ жастар қанатына мүмкіндігінше студенттерді көп тарту үшін колледждермен де жұмыс істейміз.

Қоғамдық жүктеме хоббиге уақыт қалдыра ма?

– Соңғы уақытта фото және бейнетүсірілім жасағанды ұнатамын, роликтер құрастырамын. Бұл болашақ мамандығым үшін де, Ассамблеяда жұмыс істеу үшін де өте пайдалы дағды. Конституция күніне орай бейнеқұттықтау дайындадық. Жастарды көбінесе ел болашағының іргетасы деп атайды. Артылған сенім үдесінен шыға білуіміз қажет. Ең бастысы, жастар енжар болмауы керек. Біз ауқымды жобаларға дайынбыз, өйткені тамаша идеяларымыз бар және оларды жүзеге асыра аламыз, ол үшін бізде білім, күш-қуат және ынта бар.

Сұхбатыңызға рахмет!


Өзгелердің жаңалығы