Нидерландтағы аурухана хантавирус жұқтырған науқастың талдауларымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік хаттамаларының сақталмауына байланысты 12 қызметкерін карантинге жатқызды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Әңгіме Radboudumc ауруханасы туралы болып отыр. Қызметкерлер хантавирус жұқтырған науқастың қан және зәр сынамалары қатаң хаттамалар сақталмай өңделгеннен кейін алдын алу шарасы ретінде карантинге жіберілген. Сонымен қатар Нидерланд Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне вирус жұғу қаупі өте төмен екенін және ауруханада медициналық көмек қалыпты режимде көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Бұл жағдай Covid кезіндегідей емес. Қолымыздағы білім мен қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз бұл вирусты бақылауда ұстай аламыз деп сенеміз, – деді Денсаулық сақтау министрі Софи Херманс.
Хантавирус жұқтырған науқас Radboudumc ауруханасына 7 мамырда түскен. Ол мамыр айының басында хантавирус өршіген MV Hondius круиз лайнерінің жолаушысы болған. Инфекция салдарынан Нидерландтан ерлі-зайыпты жұп пен Германия азаматы қаза тапқан.
Қазір ДДСҰ инфекция жұқтырудың тоғыз расталған жағдайын және тағы екі күдікті жағдайды хабарлап отыр: бір адам тест тапсырмай тұрып көз жұмса, екіншісі Оңтүстік Атлантикадағы Тристан-да-Кунья аралында қайтыс болған, онда тест жүргізу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда олардың барлығы круиз кезінде немесе кемеге мінер алдында жұқтырған деп есептеледі.
ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус барлық ықтимал науқастар оқшауланып, дәрігерлердің қатаң бақылауында екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл инфекцияның әрі қарай таралу қаупін барынша азайтады. Алайда ол алдағы апталарда ауру жұқтырғандар саны артуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі уақытта ауқымды індеттің басталғанын көрсететін белгілер жоқ. Бірақ жағдай өзгеруі мүмкін. Вирустың инкубациялық кезеңі ұзақ болғандықтан, алдағы апталарда жаңа жағдайлар тіркелуі ықтимал, – деді ДДСҰ басшысы.
11 мамырда Испания MV Hondius лайнеріндегі 14 азаматының бірінен хантавирус анықталғанын хабарлады. Науқас Мадридтегі әскери госпитальда ем қабылдап жатыр.
Расталған жағдайлардың қатарында Канар аралдарына тоқтағаннан кейін тесті оң нәтиже көрсеткен Франция азаматы да бар. Ол жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты.
АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік қызметтерінің 11 мамырдағы мәліметіне сәйкес, Hondius лайнерінен 18 жолаушы АҚШ-қа жеткізіліп, карантинге жатқызылған. Ал тесті әлсіз оң нәтиже көрсеткен бір жолаушы Небраска штатындағы биологиялық қауіпсіздік оқшаулағышында жатыр.
Қазақстанның санитар дәрігерлері елімізде хантавирустың пайда болуы мен таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді.