Жұмыстарына көңілім толмады. Мусин ХҚКО-да жүргізуші куәлігін сатқандарды анықтады
29 Қазан 2021, 15:14 70939

Жұмыстарына көңілім толмады. Мусин ХҚКО-да жүргізуші куәлігін сатқандарды анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы мамандандырылған ХҚКО-да болып, өз көзімен сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтағанын айтты.

Соңғы рет 24 қазанда елордадағы мамандандырылған ХҚКО-да болдым. Шынымды айтсам, жұмыстарына көңілім толмады. Кейбір фактілер анықталды, айта кетсем, сыбайлас жемқорлық көріністері. Өйткені адамдарға теориялық және практикалық емтихандардан өтпей-ақ жүргізуші куәлігін берген. Өзім барлық процедурадан өтіп, жүйені айналып өтіп, емтихан тапсырмай жүргізуші куәлігін алуға болатындығын анықтадым. Әрине, қазір біз шаралар қабылдап жатырмыз. Мысалы, кеше күні бойы Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ХҚКО-да 3 адам ғана жүргізуші куәлігін алды, - деп айтты Мусин.

Министр бақылау күшейтілгенін атап өтті. Айтуынша, емтиханға кірушілерді тексеру үшін қосымша мамандар жұмыс істеп жатыр.

Болашақта біз теориялық емтихандарға кіру үшін биометриялық сәйкестендіруді орнату қажеттігін түсіндік. Бұл практикалық емтихандарды тапсыру кезінде де қолданылады. Менің ойымша, халық мемлекеттік қызметтерді жеңілдету - WhatsApp арқылы жүргізуші куәлігін ала салу немесе техникалық байқаудан өте салу үшін жасалмағанын түсінуі керек. Біз бұл міндеттерді цифрлық трансформация көмегімен шешуіміз керек, бірақ ол ешқандай оқыс оқиғаға әкелмеуі керек екені анық, - дейді Цифрлық даму министрі ОКҚ-да.

Мусин жолға шығу дағдыларын растамай, басқа адамдар мен өз өмірлері үшін қауіпті қызметті онлайн ала салуға болмайтынын айтты.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...