Бас жаңалықтар
Жұмыстағы өндірістік жарақат көрсеткіші бойынша Қарағанды облысы "көш бастап тұр"
23 Мамыр 2019, 13:01 457

Жұмыстағы өндірістік жарақат көрсеткіші бойынша Қарағанды облысы "көш бастап тұр"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан бойынша Қарағанды облысы өндірістік жарақат жиі тіркелетін аймақ болып тұр.

"KIOSH-2019" IX Халықаралық көрме мен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша конференция барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым еліміздегі өндірістік жарақатты тіркейтін бірыңғай жүйе жоқ екенін айтты. 

"Әрбір адам жұмысқа кеткенде оның отбасы күтеді. Сондықтан жұмыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі статистика мәз емес. 1,5  мыңнан астам жұмысшы өндірістік жарақат алады. Бұл – ресми статистика. Ал, нақты статистика көрсеткіші бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі бүгінде елімізде өндірістік жарақатты есептейтін бірыңғай тіркеу жоқ. Біз былтыр Еңбек қауіпсіздігін қорғау жылы деп жарияладық. Сонымен қатар, облыстық деңгейде аймақтық бағдарлама әзірлеуді ұсындық. Үкімет, атап айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдады. Сол арқылы біз өндірістік жарақатты жоюға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", - деді Әбдірайым.

Сондай-ақ, ол бүгінде жұмыс берушілер өндірістік кеңес құруға ыңғай танытпай отырғанын айтып өтті. 

"Түрлі себеп ойлап табады. Ал, өндірістік кеңес құрылған кәсіпорындарда жарақат деңгейі айтарлықтай төмен. Бұдан басқа, жұмыс барысында қайтыс болған туысы үшін жақындары өтемақы ала алады. Барлық кәсіпорын мұндай өтемақы бере бермейді. Содан кейін сотқа шағымдану және т.б. жағдайлар тіркеледі. Мысалға, Павлодар облысында жұмыс барысында қызметкер қайтыс болып, оның жұмыс берушісі өтемақы төлемеген. Жағдайды жұмыс беруші жасырып қалуға тырысқан. Бірақ кейін барлығы белгілі болып, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды және қайтыс болған азаматтың отбасына өтемақы төленді", - деді  Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Айтуынша, жыл сайын Қарағанды облысында өндірістің жарақат салдарынан 37 адам өлімі тіркеледі.

"Еліміз бойынша Қарағанды облысы өндірістік жарақатқа байланысты статистикада көш бастап тұр. Жыл сайын бұл аймақта өндірістік жарақат салдарынан 37 адам өлімі тіркеледі", - деді ол.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қазақстанда 373 мың адам зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтінін айтқан болатын.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық