Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Басты мақсат – халықты жұмыспен қамту мәселелерін оңтайлы шешу. Халыққа берері мол осынау бағдарлама қосымша жұмыс орындарын құруды, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуды, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді. Ең бастысы – бағдарлама елімізде жұмыссыздар санының азаюына ықпал етуде.
Орталықтың жұмыс барысы қалай?
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында Алматы қаласы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де жете танысты. Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты Достық ықшам ауданындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп қайтқан журналистер төтенше жағдай кезінде де тындырымды тірліктердің атқарылғанына куә болды.
Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлзинат Мейірбекованың айтуынша, Алматы қаласында 220 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған.
Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту бойынша атқарылатын жұмыстар. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау бойынша және күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, инженерлік-көлік инфрақұрылымын қайта жаңарту және салу бағытында жүзеге асатын істер, – дейді Мейірбекова.
Алматы қаласында Жұмыспен қамту орталығы 2011 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқанына қарамастан, аталмыш мекеменің жұмыс барысынан хабарсыз адамдар да жетерлік. Сондықтан, бүгінгідей індетке байланысты жұмыссыз қалған азаматтар болатын болса, Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 50 мекен жайында орналасқан Жұмыспен қамту орталығымен байланысуына болады.
«Жол картасы» арқылы Алматыда 18 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
Аталмыш бағдарлама аясында Алматы қаласы бойынша 26 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінде 18 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның 50%-ы жұмыспен қамтудан, 9 000-ға жуық адам жолдамамен жұмысқа тұрды. Ал қалған бөлігі жыл аяғына дейін атқарылатын күрделі жөндеу жұмыстарына тартылады деп жоспарлануда.
Алматы қалалық Халықты жұмыстпен қамту орталығының маманың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда еңбек нарығында ең бір сұранысқа ие мамандықтың бірі – құрылысшылар екендігін баса айтқым келеді. Ел бойынша енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты жұмыс орындарының қысқаруына орай, бізге республикамыздың түкпір-түкпірінен жұмыс іздеп келушілердің саны күрт көбейді.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде жұмыс істегісі келетін азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 85 мың теңге мөлшерінде көтерме ақы беріледі. Бұл қаражат тұрақты жалақыға қосымша ретінде төленеді. Ал, орташа жалақы мөлшері 120 000 теңге. Ер азаматтардың жұмыс жоқтығын желеу етуіне ешбір негіз жоқ. Жұмыс істегісі келетін әрбір азаматқа жұмыс табылады. Өйткені, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы еліміздің әрбір аймағында қарқынды түрде жұмыс істеп жатыр, – дейді Гүлзинат Рахманбердіқызы.
Тұрақты жалақы алып, отбасымызды асырап отырмыз
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қолға алынғанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз сияқты жастарды жұмыспен қамтуға ықпал еткен Алматы қалалық әкімдігіне, Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығына айтар алғысымыз шексіз. Тұрақты жалақы алып, отбасымызды асырап отырмыз. Замандастарымыз да осынау бағдарламаның игілігін көрсе екен дейміз, – дейді Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының арнайы жолдамасы бойынша еңбек етіп жүрген Закир Саражов.
Осы бригадада талмай жұмыс істеп жүрген жұмысшылардың бірі – Махмуд Тәжібаев та өзіне қолайлы жұмыс тапқанына дән риза екенін жеткізді.