Бас жаңалықтар
Жер комиссиясының отырысында 5 мәселе ұсынылды
25 Наурыз 2021, 11:49 1425

Жер комиссиясының отырысында 5 мәселе ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жигули Дайрабаев 5 жылға созылған жер дауына нүкте қойғанын тарихи жетістік екенін айтып, комиссияның күн тәртібіне 5 мәселені енгізуді ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 25 ақпанда 5 жылға созылған жер дауына нүкте қойғанын тарихи жетістік деп айтар едім. Себебі жер жекеменшікте болуы керек деген нарықтық экономиканың құйтырқы шарттарына бағынбайтын, «жерді сатуды ананы сатумен тең» деп арлы ел екенімізді дәлелдей білдік. Президенттің осындай батыл шешім қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз, - деді ол.

Енді жер реформаларынан туындайтын өзгерістер мен толықтырулардың тек қана халық мүддесіне бағытталуын қамтамасыз етуіміз қажет. 

Осы ретте Жигули Дайрабаев комиссия жұмысының күн тәртібіне 5 мәселені енгізуді сұрады.

Бірінші, жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін шегеру керек. Онымен қоса, жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз еткен жөн. Сондай-ақ 49 жыл пайдаланылуы біткен соң, сол жер пайдаланушы немесе оның ұрпағы ары қарай пайдалануға алу үшін басымдық құқыққа ие болу қажет. Ол үшін Жер кодексінің 37 және 97-баптарын түбегейлі қарастыруды сұраймыз. Енді жерге қатысты дау-тартыстың келешекте көтерілмеуін тереңірек ойлауымыз қажет. Яғни жер тек өз еліміздің азаматтарына жалға берілуі қажет. Олай болмайынша, әр уақытта халық пен билік арасындағы түсіністік пен сенімге сызат түсуі қайталана беруі және ұлғаймаса, азаймауы мүмкін, - деді ол.
Ата заңда айтылғандай, мемлекеттің билік көзі – халық. Олай болса, әр комиссия мүшесі өз халқының пікірімен санасуы қажет.
Екінші, жер шетелдіктерге берілмесін деп дабыл қағып жүргенде қазіргі жер пайдаланушылардың Қазақстан резентінен шығып, шетел азаматтығын алып жатқанын байқамай да қалдық. Өкінішке қарай, фактілер бар. Жақын арада тиісті материалдарды комиссия назарына ұсынамыз. Шетел азаматтығын алып жатқандардың қолында мыңдаған гектар жер телімдерін банктерге кепілдікке қойып, қыруар ақша алып, кейін шетелге қашып кетпеуіне кім кепіл?! «Заң кері күшіне ие бола алмайды» деген керітартпалықты қойып, тиісті механизмдерді қарастырған абзал, - деп айтты комиссия мүшесі.

Үшінші, жерді жалға алғандардың ашық тізімі болуы керек. Тіпті жер пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін, қай жердің азаматы екенін, жердің нақты иесінің кім екенін халық білуі шарт.

Президенттің халыққа жасаған соңғы Жолдауында қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту керектігін қадап айтты. Сол себепті «елдің көзі елу» деген принципті жер мәселесіне де пайдалануымыз керек.

Төртінші, жер – өндірістің негізгі құралы. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеретін де осы жер. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлерінен түсетін салықты төртінші деңгей болып есептелетін ауыл бюджетіне тікелей түсуін қарастыру қажет. Қазіргі кезде ауыл бюджеті алты түрлі салықтан құралады. Алайда оның жиынтығы ауыл әкімдері аппаратының бір айлық жалақысын қамтамасыз етуге де жетпейді. Осыған орай, Жер реформалары аясында Салық Кодексіне де тиісті өзгерістер енгізу керек деп есептейміз, - дейді Қазақстан фермерлер одағы мүшесі.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылық жерлерінің салығы тікелей ауыл бюджетіне бағытталуы керек.

Бесінші, аудан әкімдіктеріндегі жер комиссияларын жоюды талап етеміз. Цифрландыру қарыштап тұрған заманда коррупцияға да, адами факторға да жол жоқ. Жерді жалға беру процесі жеңіл болуы керек. Фермерлердің цифрландыру саласында тәжірибесі де, біліктілігі де аз. Сол себепті цифрландыруды енгізе отырып, шаруаларды тегін оқытуды қолға алғанымыз жөн, - деп түсіндірді Жигули Дайрабаев.

Сонымен қатар жалға берілетін ауыл шаруашылық жерлерін, яғни шабындық, жайылымды негізгі актив ретінде қарастырып, оның кепілдік бағасын еселеп өсіру қажет. Бұл шаруалардың несие алу мүмкіндігін жеңілдетеді.

Ол айтып кеткендей, Қазақстан фермерлер одағы жоғарыда аталған 5 мәселені маңызды деп есептейді.


Фото: дереккөз
Загрузка...