Бас жаңалықтар
Жедел жәрдем неге кешігеді?
11 Шілде 2020, 09:38 140

Жедел жәрдем неге кешігеді?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясы кезінде тұрғындар жедел жәрдем бригадасының кешігіп келетініне наразылық білдіруде. Ал бұған басты себеп – туындаған эпидемиологиялық жағдайға байланысты шақырулар санының күрт артуы екенін айтады медицина мамандары.

Облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Сапура Базарбекованың айтуынша, облыс бойынша тәулігіне орташа есеппен 987 шақыру тіркеледі. Биылғы мамырда 18 945, маусымда 29 936 шақыру түскен.

Облыстық жедел жәрдем стансасында 69 бригада жұмыс істейді. 12-сі қалалық, 9-ы дәрігерлік, 60-ы фельдшерлік. Екінші себеп – медицина қызметкерлерінің өздері ауырып жатқандықтан, қазіргі күні 59 бригада ғана жұмыс істеуде. Жылжымалы бигаданың 39 фельдшері, 11 диспетчер мен алты жүргізуші емделуде, - дейді Сапура Базарбекова.

Оның айтуынша, коронавирус бойынша шақырулар көп болғанымен, ол шұғыл санатқа жатпайды. Диспетчерлер сағатына 60-қа жуық шақыру қабылдайды. 1-2 санатты шұғыл шақыртуларға 10-15 минут ішінде жету қажет.

Covid-19 бойынша шақыртулар 3-4 санатқа жататындықтан, қызмет көрсету уақыты – 30-60 минут. Негізінен кадр жетіспеушілігі мен пациенттерді аудандардан облыс орталығына тасымалдауға 3-5 сағат жұмсалады. Айталық, Көкшетаудан Зеренді, Шағалалы, Щучинск поселкелерінің провизорлық стационарларына 2-4 сағат кетеді, - дейді Сапура Базарбекова.

Автокөлікті санитарлық зарарсыздандыруға және қорғаныш костюмдерін ауыстыруға көп уақыт жұмсалады. КВИ диагнозы қойылған пациенттермен жұмыс істейтін жедел жәрдем көліктері мұқият санитарлық зарарсыздандыруды, ал қызметкерлер қорғаныш киімдерін ауыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға 40 минутқа жуық уақыт жұмсалады. Осыдан кейін бригадалар шақыртуларға кешігіп барып жатады.

Бригада кешіккенде жеде жәрдем келгенше телефон арқылы кеңес беріледі. Күзге қарай жүктемені есепке ала отырып облыстық жедел жәрдем стансасына қаржылық лизинг келісімшарты бойынша қосымша 58 жаңа реанимобиль бөлінетін болады. Жаңа заманғы технологиялар мен цифрландырудың жаңа элементтері жұмысымызды жеңілдетуде. Айталық, бізде орнатылған автоматты жүйе абонент нөмірін анықтап, пациент туралы мәліметтерді жүйелейді. Екі каналды телефонда диспетчермен арадағы әңгіме жазылады, файл түрінде компьютерде бірнеше ай сақталады. Бұл қажет болған жағдайда кейбір ақпаратты анықтауға көмектеседі, - дейді Сапура Базарбекова.

Жылжымалы бригадаларда жергілікті жоғары медициналық колледж түлектері еңбек етуде. Жедел жәрдем стансасында Call-орталық жұмыс істейді. Білікті дәрігер мамандар тәулік бойы пациенттерге телефон арқылы кеңес береді.

Адамдардың көбі үрейге бой алдырып жатады. Мұндай жағдайда сыр білдірмеуге тырысамыз. Жұмысымызда түрлі оқиғалар болып жатады. Әріптестерімізбен талай рет ажалмен бетпе-бет келген кездеріміз болды. Бірде қыз бала әкесінің жүрегі тоқтап қалғанын хабарлады. Уақыт аз. Рет-ретімен жүрекке қалай массаж жасау керектігін түсіндірдік. Ер адам демалғанда бәріміз қуандық. Баланың тамағына бір зат тұрып қалған жағдайда да шұғыл әрекет ету керек. Жедел жәрдем қызметіне шын мұқтаж емес жандар қан қысымын өлшету үшін ғана көмекке шақырып жатады. Кейбір пациенттер тез жетсін деп симптомдарды әсірелеп жеткізеді. Бірақ олардың жағдайын түсінуге тырысамыз. Жалған шақыртулар да кездеседі. Мұның өзі көп уақытымызды алады, – дейді диспетчер Сәуле Жанғұттықызы.
Пандемия кезінде барлық медұйымдарда коронавирус бойынша онлайн-кеңестер берілуде. Әсіресе, тәуекел тобындағы: жасы 65-тен асқан, қант диабеті, астма, туберкулез, артериалды гипертензия сияқты созылмалы аурулары бар адамдар айрықша назарда. Сондай-ақ өңірде жақын күндері тұрғындарға консультативтік көмек беретін ақпараттық орталық ашылады деп күтілуде.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...