Мамин балалардың жазғы демалысына көңіл бөлмеген өңірлерді атады

21 Мамыр 2019, 11:40
2714
Бөлісу:
Мамин балалардың жазғы демалысына көңіл бөлмеген өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында балалардың демалысы жоғары деңгейде жоспарланған.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында осы бағытта тиісті жұмыс атқармаған өңірлерді атады. 

«Балалардың демалысын ұйымдастыру – маңызды мәселе. Ол әр отбасыға қатысты. Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында балалардың демалысы жоғары деңгейде жоспарланған. Бұл жерлерде балалардың демалысын ұйымдастыру мәселесі толығымен шешілген. Бұл мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөлмеген өңірлер де бар. Атырау және Түркістан облыстары осы бағытта нақты шараларды ұйымдастыру керек. Әкімдіктер кәсіпкерлер мен меценаттарды осы шараға белсене қатысуға шақыру керек. Осы бағытта өңірлердің ішінде жақсы нәтижеге жеткен оң мысалдар бар. Балаларымызды көркем, бай табиғатымызбен, тарихымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүрімізбен таныстыру үшін тақырыптық кездесулер мен шараларды өткізудің сапалары мен санын арттыру қажет», - деді Мамин.

Сонымен қатар, премьер-министр БҒМ және жергілікті мемлекеттік органдарға санаторийлер мен туристік нысандар, ұлттық саябақтарда және ЖОО жанында мыңға дейін оқу-сауықтыру орталықтарын ашу, сонымен қатар жұмыс істемей тұрған нысандарды қайта жөндеуден өткізу мәселелерін талқылауды, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға осы мәселеге байланысты жол картасын әзірлеуді тапсырды. 

«Білім және ғылым министрлігі оқу-сауықтыру орталықтарының санын арттыру бойынша жаңа кешенді ұсыныстарын әзірледі. Министрліктің ұсыныстарын қолдаймын. БҒМ және жергілікті мемлекеттік органдарға санаторийлер мен туристік нысандар, ұлттық саябақтарда және ЖОО жанында мыңға дейін оқу-сауықтыру орталықтарын ашу, сонымен қатар жұмыс істемей тұрған нысандарды қайта жөндеуден өткізу мәселелерін талқылауды тапсырамын. Күләш Ноғатайқызы (Білім және ғылым министрі – автор), сізге тиісті жол картасын дайындауды тапсырамын. Өңірлердің әкімдері балалардың демалысын ерекше бақылауға алып, балаларды демалыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажеттігіне аса назар аударамын. Гүлшара Наушақызы (премьер-министрдің орынбасары), барлығын өзіңіз бақылауға алыңыз», - деді Мамин.

Бұған дейін бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова балаларды жазғы демалыста қандай қызықтар күтіп тұрғанын айтты. Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова жазғы демалысты ұйымдастырудағы ұсынысын айтты.


Өзгелердің жаңалығы