Бас жаңалықтар
Жастар жылы. Шымкентте үздік пікірсайысшылар марапатталды
31 Мамыр 2019, 19:05 659

Жастар жылы. Шымкентте үздік пікірсайысшылар марапатталды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте жастар арасындағы үздік пікірсайыншыларды анықтайтын «SHIPA AWARDS-2019» сайысының жылдық қорытындысы өтті. Сайысқа Шымкент қаласының 7 жоғарғы оқу орны және 11 мектеп лигасының пікірсайысшылары қатысты. 2018-2019 жылғы пікірсайыс маусымын қорытындылайтын кеште пікірсайысшылар 21 номинация бойынша марапатталды. 

Шымкент интеллектуалды пікірсайысшылар академиясының бұл маусымда бірқатар жеңіске жетті. Академияның мүшесі Бексейіт Әлібек Қырғызстанда өткен Халықаралық турнерде 1 орын иеленді. Академияның тағы бір мүшесі Рахат Арғынбай Алматыда өткен республикалық пікірсайыс турнирінде үздік ойын деңгейін көрсетіп, 1 орын жеңіп алды. Ең маңыздысы Алматы облысында ұйымдастырылған «Нұр Отан» партиясының XVII ауыспалы кубогін Жансерік Жұман пен Нұрғиса Шәріпбай жеңіп алуы болыпты. 

«Осылайша ол Шымкенттің абыройын республикалық деңгейде асқақтатты. Бүгінгі «SHIPA AWARDS-2019» қорытынды сайысының да мақсаты Шымкент қаласының пікірсайысшыларын бір ортаға топтастыру арқылы нәтиже көрсеткен үздіктерді марапаттау әрі еңбектерін ескеріп бағалау. Қала жастарын келер жылғы белсенділіктерін арттыра отырып, жоғары қарқындылықпен іс-әрекет жасауға ынталандыру. Пікірсайысшылар тек пікірталаспен шектелмей, өздерінің бойындағы өнерлері және тапқырлықтарын жан-жақты көрсетті. Оқу жылы барысында жоғары нәтиже көрсете білген, үздік критерийіне сай келетін, халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарған пікірсайысшылар іріктеліп 21 номинация бойынша марапатталды.Үздік танылған пікірсайысшылар кейінгі толқын пікірсайысшыларына тәжірибе және жетістіктері туралы әңгімеледі. Өткен маусымның ең үздік пікірсайысшысы Нұрғиса Шәріпбай мен биылғы оқу жылының ең үздік пікірсайысшысы Рахат Арғынбай арасында тартысты ойын болды. Іс-шараның жастарға берері еңбектенген жеңімпаздардың өзге де пікірсайысшыларға үлгі және сол жетістікке деген қадамға басты ынта-жігер сыйлай білуі. Іс-шараның жастарға берері өте көп. Себебі олар жетістікке жеткен адамның, төгілген тердің, еткен еңбектің бағаланатынын санасына құйып өссе, жақсылыққа қарай ұмтылады. Білім жолында жарысады. Мұндай жастардың қалыптасуы – еліміздің жарқын болашағының айғағы», - дейді Жастарды қолдау және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің әдіскері Жансерік Жұман. 

Пікірсайысшылардың «SHIPA AWARDS-2019» қорытынды кешіне мектеп оқушылары көп тартылған. Бұл интеллектуалды пікірсайыншылар академиясының буын-буындарын қалыптастыруға қажет екен. Мектеп лигасынан шығып, студент бола жүріп, мықты пікірсайысшылардың біріне айналғандардың қатарында «Жыл жаңалығы» номинациясының иегері Ахан Бесбаев та бар. Ол М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 1 курсында оқиды. 

«Шымкент жастары халықаралық, республикалық сайыстарда топ жарды. Биыл пікірсайысшыларға да жемісті жыл болды. «Нұр отан» партиясының респуликалық кубогын Шымкент жастарының алғаны – үлкен мақтаныш. Бүгінгі марапаттау рәсімен қатысу маған да бұйырғанына қуаныштымын. Пікірсайыс әлеміне оқушы кезден келгенмін. Қазір де қалалық, аймақтық, республикалық жарыстарда топ жарып жүргенімді бағалап, «Жыл жаңалығы» номинациясымен марапатталдым. Жас пікірсайысшы ретінде дәстүрдің жалғасқанын қалаймын және сол жолда еңбек етемін. Бізге арналған рейтингтер және еңбектің нәтижесі әділ түрде бағалануы - білімімізді арттырып, жұмысымызды жандандырады. Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығының» басшылығына, ұжымына жастар атынан үлкен алғысымды білдіремін», - дейді Ахан Бесбаев.


Фото: автордан
Загрузка...