Жас жұбайлар: Бүгін біз бірден екі таңдау жасадық

9 Маусым 2019, 17:03
2835
Бөлісу:
Жас жұбайлар: Бүгін біз бірден екі таңдау жасадық
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Глубокое ауданына қарасты Степное ауылындағы нөмірі 502 сайлау учаскесіне ерекше сайлаушылар келді. 

Бір күнде бірден екі таңдау жасаған Ақмаржан есімді бойжеткен бүгінгі қыз ұзату тойын ерекше рәсімнен бастады. Болашақ жұбайы Ерболмен сайлау учаскесіне келген ол көңілі қалаған кандидатқа дауыс берді. 

«Бүгінгі күн мен үшін ерекше күн. Бүгін өз бақытыма және елімнің жаңа болашағына қадам жасаған күнім. Ұзатылу тойымның ел Президентін сайлау күнімен дөп келуін ерекше ырымға балаймын. Бүгін мен отбасым мен елімнің болашағы үшін таңдау жасадым. Отбасымыздың болашағына деген сенімділік кепілі таңдаған жарым болса, елімнің болашағы алда сайланатын ел басшысы болмақ. «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Әр отбасының жақсы болуы, ертеңгі күнге деген сенімділігі – міне басты құндылық. Осы себепті той басталмас бұрын бүгінгі сайлауға қатысуды өз парызымыз деп санадық», - деді Ақмаржан Қабдырашидова. 

Ел болашағына осылайша үлестерін қосқан қос ғашық еліміздің аман, іргеміздің тыныш болғанын тіледі. Сайлау учаскесіне болашақ жарын алып келген Ақмаржан бюлетен толтырып, сайлау жәшігіне тастады.

«Менің сайлау учаскем бөлек болса да болашақ жарыммен оның туған ауылына келіп ел болашағына таңдау жасау мен үшін бақыт. Болашаққа бірге бір үмітпен қараған біздер ертеңгі күннен көп үміт күтетін жастармыз. Бүгін екеуіміз де өз таңдауымызды жасадық. Ертеңгі күніміздің жарқын болатынына сенімдіміз», - деді Ербол Тоқтасынов.


Өзгелердің жаңалығы