«Жас Отанның» Жастар жылына ұсынатын жобалары қандай?

1 Ақпан 2019, 12:38
11335
Бөлісу:
«Жас Отанның» Жастар жылына ұсынатын жобалары қандай?

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 3,9 млн жас бар. Оның 2,2 млн – қалада, 1,7 млн – ауылда тұрады. Осы орайда 164 мың мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанаты барлық жасқа қолжетімді жобаларын жүзеге асырып отыр. Осы орайда «Жас Отан» жастар қанаты «Жүрек» бағытының кеңесшісі Таңшолпан Жауынбайдан Жастар жылына арналған жобалар туралы айтып берді.

Жобалар қалай әзірленеді

2018 жылдан бастап «Жас Отанның» ішкі құрылымы өзгерді. Қазір «Жүрек», «Сана», «Даму» атты үш бағытымыз бар. Жастармен жұмыс істейтіндіктен жаңа формат – жобалық менеджментке көштік. «Жүрек» бөлімі барлық жобаға жауап береді. Жоба менеджерлері жобаларды жасақтап, өңірлерге жібереді. Өңірлерде орындалуын «Даму» бағыты қадағалайды. Осы жобаларды, «Жас Отанның» өзге де іс-әрекеттерін БАҚ-қа күнделікті шығып отыруын қадағалайтын «Сана» деген бағытымыз бар.

Съезде бағдарлама бекітіледі. Биыл жаңа жобалар Жастар жылы аясында жасалынады. Жастарға байланысты идея болса хатшылық тұжырымдамасын, іс-шаралар және медиа жоспарын әзірлеп, бекітеді. Содан кейін өңірлереге жолдаймыз. Жастарға пайдасы тиеді деген жобаларды кез келген жас бізге ұсына алады. Жас отандықтар ғана жасайды деген жоқ. Жобаларымызда ауыл-қала жастарын бөлмей, бәрін қамтып отырмыз.

Ғылыммен, IT-мен айналысатын жастарға арналған Nurintech деген жобамыз бар. «Жас Отанның» сайтында J-library деген онлайн кітапханада үш тілде 2000 жуық кітап жүктелген. Кітаптар санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осы платформаның базасында «Бизнес ментор» деген жобаны іске қосып отырмыз. «Гүлдене бер, туған ел», «Серпін жастары» , бірреттік акциялар өткізіп тұрамыз. 2016 жылдан бері «Сәтті қадам» жобасы бойынша ҰБТ-дан құлаған жастарға білім алып, жұмысқа орналасуына көмектесеміз. «Жайдарман» телевизиялық жобасы «Жас Отанның» тікелей қатысуымен өткізіледі. Жыл сайын «Нұр Отанның» кубогына арналған пікірсайыс турнирі өтеді. Былтырдан бастап ауылдағы балаларды да қамтиық деген ниетпен Jastar-1 телеарнасында «Жастар алаңы» деген телевизиялық бағдарлама басталды. Биыл екінші кезеңін түсіреміз деп отырмыз.

Ауылдарда коворкинг орталықтар ашылады

Былтыр кітапхана жұмысы туралы талдау жүргізгенде жастардың бару тенденциясы төмендеп кеткенін көрдік. Кітапханалар жәй тұрмас үшін жаңа форматқа айналдыру мақсатымыз болды. «Нұр Отан» бастамасымен облыс орталықтары мен үш қалада – 17, аудандарда – 137 коворкинг-орталығы ашылды. 2019 жылы 259 орталық ашу жоспарланып отыр. Кітапханаларда коворкинг-орталықтар ашылған соң өңірлердегі филиалдар іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Бұл орталықтарға ауыл жастары кез келген уақытта барып, пікірі бір жастарды тауып, бірлесіп жобалар жасауға болады. Кәсібін ашам десе, ақпарат ала алады. Ауылдық жерлерде ағылшын тілін күнделікті қолданбаған соң әлсіз болып отыр, осы себепті биыл білім орталықтарында Speaking club-тар ашайын деп жатырмыз.

English for Jastar жалғасады

English for Jastar жобасымен ауылдық жерлердегі балаларға ағылшын тілін үйрету мақсатында ағылшын тілін толық меңгерген шетелдік және қазақстандық жастарды өңірлерге жібереміз. Былтыр 5000 астам оқушыға 146 қазақстандық және 11 шетелдік волонтер сабақ берді. Шетелдік еріктілерді тартып отырғанымыз – балалардың ынтасын ашу. Жылдың басынан БҚО, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда секілді бірқатар облыстарда басталып кетті. Биыл да осы жобаға ниет білдірген жастарды ауылға жібердік. Әр өңірге кем дегенде 10 ерікті барады. Былтыр пилотты жоба ретінде бастадық. Шетелден волонтер тарттық. Виза алу мәселесіне байланысты кейбір өңірлерде 60 күн болып қалды. Виза алу кешіктірілді. Биыл кезең-кезеңімен өткізіп жатырмыз. Қосымша қатысқысы келетін еркітілер болса комиссия отырысы үздіксіз өте береді. Деңгейі толығымен келіп жатса жоба арқылы кез келген уақытта мектептерге барып, сабақ бере алады.

Жастар жылына арналған жобалар

Жастар жылы аясында бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Соның бірі цифрлық технологияларды дәріптейтін Digital Nation жобасы. Цифрландыру бағытында жастарға арналған киберспорт, робототехника, 3D-модельдеу бойынша турнирлер өткізу жоспарланып оты. Сондай-ақ, DigitalTalks алаңында 80 спикер сөз сөйлеп, 1500 жас қамтылды. Жоба аясында 3D лабораториялар ашу жоспарланып отыр.

«Жастар – ауылға!» деген жоба былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге жүргізілді. Биыл ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе 500 жасты ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өткізіп, әрі қарай еңбек жолын бастауға алғашқы қадам жасау мақсатында әзірленіп жатыр. Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибе алып, кәсіпкерлікті оқытуға, жұмысқа орналасып, кәсібін ашамын дегендерге жеңілдікпен несие алуға ықпалдасуға бағытталады. Үкімет отырысында байқасаңыз ауыл шаруашылығына үлкен акцент бөлініп отыр. Осы салада жұмыс істейтін жастар санын көбейту қажет.

«Құс жолы» жобасы бойынша жастар Қазақстанның қасиетті жерлерін аралайды. Өңірлерден 7 делегация құрайын деп жатырмыз. Экспедиция әр өңірді аралап, Ұлытауда кездеседі. Қатысқысы келетін жастар болса делегацияға қосылады. Блогерлерді де тарту ойда бар. Қасиетті мекеннің пайда болуы, тарихы туралы айтып өтеді. Қасиетті жерлерді өзіміз дұрыс білмейміз, сол себепті жастардың арасында танымалдылығы бар адамдарды тартып, экспедиция жасау мақсатымыз болды. Картаны сызуға археологтарды тарттық. Жоба басшылықпен келісу үстінде. Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасын әзірлеу жобасы алғаш рет жүзеге асайын деп отыр.

  Жастар жылына бөлінген қаржы далаға кетпейді

Үкімет отырысында айтылған Жастар жылына бөлінген 100 млрд астам қаражат бұл белгілі бір формумдар өткізуге ғана емес, жастарға баспана беру, кәсібін ашуға несие беру секілді нақты ұстап көруге болатын нәтижесі бар, ірі индустриалды жобаларға жұмсалатын қаржыларды толығымен есептегендегі қаражат. Жәй ғана акциялардың шеңберінде далаға кететін ақша деп ойламаймын. Жастар жылының ашылуы секілді үлкен форумдар керек. Жастарды президент алдында сөйлетіп қою деген түсініктен арылуымыз керек. Олар көптен іріктеліп шыққан, белгілі жетістікке жеткен адамдар. Жастарды ынталандыру үшін оларды неге көрсетпеске? Астарын қарайтын болсақ іс-шаралардың маңызы бар. Жастар жылында тек осындай ғана іс-шаралар болады деген сөз емес. Білім гранттарын көбейту, жатақхана санын арттыру, жұмысқа орналасуына, пәтер алуға көмектесу, автокөлікке несие беруді ұсынды, кәсіп ашамын десең несие беру секілді мұның барлығы нақты жобалар. Бюджеттен қарастырылған әрбір қаражаттың өзінің есебі бар деп ойлаймын.

Жастар жылы деген ол осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалған жоқ деген түсінік емес. Бүгіннен бастап жастарға акцент қойып, көмектің барлығы қаңтар айынан басталды деген сөз емес. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жастарға жағдай жасап келеді. Биыл барлық саладағы жастарға көрсетілетін көмектер күшейтіліп, көрсеткіштер арттырылып отыр. Мысал ретінде берілетін пәтерлердің санын арттыру, жеңілдетілген несиелерді айтсақ болады. Жастар осыны түсініп, жасалынып жатқан нәрселерді өздеріне берілетін үлкен мүмкіндік деп қарастыру керек. Бұл жәй ғана жиындарға қатысып, сөз сөйлеп кету емес. Өзім де осы жолы мүмкін пәтер не көлік алып, өз кәсібімді бастауға мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамын деп отырмын.

Назерке АБИБУЛЛА
Өзгелердің жаңалығы