Жамбыл облысында 42 863 тұрғын ревакцинациямен қамтылды

15 Қаңтар 2022, 18:05
1175
Бөлісу:
Жамбыл облысында 42 863 тұрғын ревакцинациямен қамтылды

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Соңғы аптада Қазақстанда коронавирустық инфекциямен жаңа ауырғандар саны айтарлықтай өсуде, ал соңғы күндері қауіпті індетті жұқтырғандар санының екі есе өсуі байқалды. 

Бұл туралы Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, эпиджағдайдың күрт нашарлауы омикрон-штамының анықталуымен байланысты. Елімізде коронавирус дерті соңғы екі аптада 41 %-ға өскен.

  Зерттеулер көрсеткендей, омикрон штамы дельта нұсқасымен салыстырғанда агрессивтілігі аз, яғни жеңіл өтеді. Бірақ таралу жылдамдығы дельтамен салыстырғанда жоғары, тез жұғады, қайта жұғуы да әбден мүмкін. Омикрон жоғарғы тыныс алу жолдары арқылы дельта нұсқасынан 70 есе тез көбейеді. Жамбыл облысы эпидемиологиялық жағдайдың матрицасын бағалау бойынша қауіпсіз аймақта орналасқанына қарамастан, соңғы аптада статистикалық деректер коронавирустың қайтадан күш алып келе жатқанын көрсетіп отыр, - деді жауапты маман.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде COVID-19 індетінің 295 жағдайы тіркеліп үлгерген. Өткен тәуліктің өзінде 69 дерек анықталыпты. Мұның 43-і Тараз қаласында болса, қалғандары Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында орын алды.

Инфекциядан қорғанудың тиімді әдістерінің бірі – коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсы және кейінгі ревакцинация. Жаңа штамдардың таралуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне жету аса маңызды. Бұл – Бағлан Жарылқасынұлының пікірі.

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина пайда болғаннан бері бүкіл әлемде бірнеше миллиард ересек адам коронавирусқа қарсы түрлі вакцина алды. Екпе қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне ие, ауыр жағдайларды және аурухана төсегіне таңылуды азайтады және өлімді азайтуға ықпал етеді. Былтырғы ақпан айынан бастап Жамбыл облысында бірінші компонентпен 18 жастан асқан 633 179 тұрғын, екінші компонентпен 560 670 тұрғын егілді, - деген ол ревакцинация туралы да әңгімеледі. 

 Айта кетерлігі, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссиямен бірлесіп, азаматтарды коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациялау тәсілдерін әзірлеген. Қайта вакцинациялау контингентіне қауіп топтары, атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік және жабық мекемелердің медициналық қызметкерлері, педагогтары, персоналы мен контингенті, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері, 60 жастан асқан азаматтарды ревакцинациялау үшін екпенің 1 дозасы пайдаланылады. Ревакцинациядан кейін инъекция орнында ауырсыну, дене қызуының көтерілуі болуы мүмкін. Бұл нұсқаулықта көрсетілген және күтілетін реакция болып саналады.

Ревакцинация алдында медицина мамандары адамдарды міндетті түрде тексереді, дененің осы дозаны алуға қаншалықты дайын екенін көреді. Егер медициналық ауытқулар болмаса, ревакцинация жасалады. Өткен жылдың 22 қарашасынан бастап биылғы 12 қаңтарға дейін Жамбыл облысында КВИ-ға қарсы 42 863 адам қайта вакцинацияланды. Сонымен қатар, мақсатты топтарды Pfizer препаратымен иммундау жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 25 907 тұрғын Комирнати вакцинасын алды, оның ішінде 12-ден 17 жасқа дейінгі 21 487 жасөспірім, 1 714 жүкті және 2 711 бала емізетін әйелдер бар, - деп түсіндірді Б.Қыдырбаев.

Департамент басшысының орынбасары еліміздің әрбір азаматы өз денсаулығына ғана емес, жалпы ұлттың денсаулығына да қамқорлық жасауға тиіс. 

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», - дейді дана халқымыз. Әлемде коронавирусқа қарсы вакцинация эпидемия мен пандемияны жеңудің ең тиімді шараларының бірі деп танылды. Сондықтан коронавирустық ауруды түбегейлі жеңу үшін әр аумақта ұжымдық иммунитет құру қажет. Популяциялық иммунитетті қалыптастыру үшін аумақ халқының кемінде 60-70 %-ы екпелермен қамтылуы тиіс, -деп атап өтті ол.

Жауаптың маманның пікірінше, біз коронавирустың ұжымдық ауру екенін түсінуіміз керек және тек бірлесіп нәтижеге қол жеткізе аламыз.

 

Өзгелердің жаңалығы