Бас жаңалықтар
 Жаңа судьяларды іріктеу талаптарын күшейттік – Жақып Асанов
14 Ақпан 2019, 10:56 700

Жаңа судьяларды іріктеу талаптарын күшейттік – Жақып Асанов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Сенат отырысында осылай деді.

«Бұрын жыл сайын орта есеппен судьялыққа 150 адам қабылданатын. Былтыр біз 29 адам қабылдаппыз. Бес есе аз. Неге? Өйткені, Жоғарғы сот кеңесімен бірігіп, таңдау технологияларын, НR компаниялардың жаңа әдістерін енгізіп, талапты күшейттік», - деді Асанов.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, енді судьялар психологиялық тестілеуден және заңдар бойынша компьютерлік тестілеуден өтеді. Бұған қоса, бір тақырыпқа эссе жазуы тиіс. Басқа да талаптар күшейтілген.

«Негізгі құрал ол әрине – сауатты жазу, сотқа қатысушыларға сауатты түсіндіріп беру. Сондықтан, үміткер заңды білгеннен бөлек, жаза білуі, оны түсіндіре білуі тиіс», - деді Жақып Асанов.

Жоғарғы сот төрағасы бұрын әрбір төртінші үміткер судья болып кетіп жатса, қазір олардың саны 3-ақ процент екен.

«Осындай жаңа іріктеу тәртібін заң арқылы енгізсек, онда судьялыққа тек білімділер мен біліктілер өтетін болады. Кездейсоқ адамдарға тосқауыл қойылады. Бұл жүйе жаңа кадрларға қатысты екенін айтып өткім келеді», - деді Асанов.

Атап өтсек, бүгінгі отырыста «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.

Қымбат Елтайқызы

Загрузка...