Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың жұмыс орны ашылады

22 Сәуір 2020, 15:00
2000
Бөлісу:
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың жұмыс орны ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы өкімімен бекітілген Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде Қазақстанда 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба бойынша бөлінетін 255 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Алматы қаласында жұмыс орындары ең көп құрылатын болады – 26 мың, ал Түркістан облысында – 21,9 мың, Алматы облысында – 21 мың жұмыс орны. 

Қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа алынады деп күтілуде. Жұмыссыз жастар басым санат болып табылады.

ЖҚЖК (Жұмыспен қамтудың жол картасы)  инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру төмендегі 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:

– әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, демалыс және т. б. объектілер);

– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);

– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (автомобиль жолдары, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері мен құрылыстары);

– елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу және т. б.).

ЖҚЖК бағыттарын жүзеге асыруға барлығы 1 трлн теңге бюджет қаражаты бөлінді, оның 37%-ы (373 млрд.теңге) құрылыс жұмыстарына, 19%-ы (182 млрд. теңге) – күрделі жөндеу жұмыстарына, 31%-ы (308 млрд. теңге) ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына, 16%-ы (127 млрд. теңге) нысандар мен құрылыстарды реконструкциялауға жұмсалады.

Күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жұмыстары республикалық немесе коммуналдық меншіктегі объектілер бойынша жүргізіледі. Инфрақұрылымдық жобаларды іріктеуді және жұмыстарды іске асыруды жергілікті атқарушы органдар есептелген қаржыландыру лимиттерін және жұмыстардың тиісті құжаттамасының болуын негізге ала отырып жүзеге асырады.

Жобалардың басым бөлігін Алматы облысында (977), ШҚО (813), Жамбыл (690) және Қарағанды (625) облыстарында іске асыру жоспарлануда.

Жоба аяқталғаннан кейін 15,2 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында құрылатын болады – 2 045, Алматы облысында – 1 830 және Түркістан облысында – 1 531 жұмыс орны.



Өзгелердің жаңалығы