Бас жаңалықтар
Зейнетақының бір бөлігін алу: Өтінім беру басталды
23 Қаңтар 2021, 09:01 1285

Зейнетақының бір бөлігін алу: Өтінім беру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Зейнетақының бір бөлігін алуға өтініш беретін enpf-otbasy.kz сайты сағат 9:00-ден бастап жұмысын бастады.

Оқырмандар Бірыңғай жинақтауыш зейнетақы қорындағы ақшаны кім шешіп ала алатынын, қандай мақсатта және зейнетақы жинақтарын қалай тексеруге болатынын осы материалдан оқып, түсіне алады.

Енді бүгіннен бастап азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініш тапсыра алады.

Зейнетақы қорынан ақшаны кім шеше алады? 

Зейнетақы қорындағы қаржысын төмендегі үш санатқа жататын адамдар ала алады:

1.      «Жеткілікті шектен» артық жинақ салымы бар жұмыс істейтін азаматтар;

2.      Бұрынғы жалақысының 40%-ына тең мөлшердегі зейнетақысы бар зейнеткерлер (жинақтағы ақшасының 50 пайызын ала алады);

3.      Бұрын зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, сақтандыру қорына аударған соң да зейнетақы жинағында салымы қалған қазақстандықтар (қаражатын толық алуға құқылы).

Айта кетейік, жасына сай жеткілікті шектен асып тұрған жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтардың саны шамамен 760 мыңды құрайды.

Зейнетақы жинақтарды қалай тексеруге болады?

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.

Салымшыларға ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алудың бірнеше тәсілі қолжетімді:

-          enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе пайдаланушының логині мен паролін қолдану;

-          ЭЦҚ немесе пайдаланушының логині мен паролін қолдана отырып, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы;

-          ЭЦҚ немесе ЖСН және mGov мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы түсетін бір реттік парольді пайдалана отырып, cabinet.enpf.kz/porog порталы арқылы;

-          eGov.kz «Азаматтарға арналған электрондық үкімет» сайтында немесе eGov Mobile ұялы қосымшасы арқылы;

-          салымшының enpf.kz сайтында қалыптастырған үзінді көшірмесін БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына жіберуі арқылы;

-          салымшының қосымша өтініш беруін қажет етпейтін, оның БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына тұрақты түрде үзінді көшірме жіберу арқылы;

-          пошта байланысы қызметі арқылы (БЖЗҚ дерекқорында тіркелген пошта мекенжайына жыл сайын хабарландыру барысында жылына бір рет);

-          салымшы жеке куәлігімен БЖЗҚ-ның кез-келген жақын орналасқан өңірлік бөлімшелерінің біріне өзі келген жағдайда.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қандай мақсаттарға пайдалануға жол беріледі?

 1.      Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеу. Сіз кез келген банктен немесе ипотекалық компаниядан алынған тұрғын үйдің немесе банктің бір несиелік келісімшарты шеңберінде жөндеу жүргізе отырып тұрғын үй алу қарыздары бойынша берешегіңізді ішінара немесе толық өтей аласыз. Сондай-ақ, сіз тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жеке тұрғын үй немесе жеке қосалқы шаруашылық салу үшін жер телімін алуды қоса алғандағы несиені төлей аласыз.

2.      Ипотекасыз тұрғын үй алу (толық өтеу). Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықта, сондай-ақ салынып жатқан нысандардан ҚР заңнамасына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы кепілдігі бар, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы келісімшарт арқылы сатып алуға болады. Осы мақсатта тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы мен жеке қаражат есебінен де сатып алуға болады. 

3.      «Отбасы банкінде»  тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу. Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты шеңберінде жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).

4.      Ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна төлеу (оның ішінде ислам банкі қаржыландыру шеңберінде). Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Сондай-ақ, банктің бір несие шарты аясында сіз жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып ала аласыз.

5.      Тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.

6.      Жеке тұрғын үй құрылысы (жер учаскесін алуды қоса есептегенде). Сіз зейнетақы жинақтары есебінен немесе зейнетақы жинақтары және өз қаражатыңыз есебінен жеке тұрғын үй салуыңызға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).

7.      Ипотекалық тұрғын үй заемын қайта қаржыландыру. Басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға (жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде), жеке тұрғын үй құрылысына (жер учаскесін қоса есептегенде) арналған ипотекалық несиелерді «Отбасы банкінде» қайта қаржыландыруға болады.

 Айта кетейік, денсаулық жағдайына байланысты зейнетақының бір бөлігін пайдаланудың ережесі қаңтар айының соңына дейін дайын болады.

 Зейнетақы қорындағы ақшаны үй алу үшін өтінім қалай беріледі?

Өтінім берместен бұрын, қолданылу мерзімі аяқталмаған, қызмет алуға жарамды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болу қажет. Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының қолжетімді көлемін БЖЗҚ порталынан нақтылап алу қажет.

-          Арнайы есепшот ашу қажет. Оны «Отбасы банкінен» немесе кез келген екінші деңгейлі банктен ашуға болады.

-          enpf-otbasy.kz порталына электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіріп, зейнетақы қорындағы жеткілікті мөлшердің үстіндегі ақшаны қайдай мақсатқа пайдаланатынын көрсетіп, өтінім береді.

-          Өтінім Зейнетақы қорына жолданып, 5 (бес) күннің ішінде жауап беріледі.

-          Мақұлданғаннан кейін азамат «Отбасы банкіндегі» портал арқылы растайтын құжаттарды тіркеп, арнайы есепшотындағы ақшаны өзі көрсеткен сатып алушыға не болмаса ипотеканы өтеуге жолдай алады.

Еске сала кетейік, БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті операторға аударуды оның өтінімі бойынша электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асыратын болады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына 1 жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс. 

Зейнетақы жинақтарын қандай мақсатта жұмсауға болады?

- Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу;

- Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу;

- Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;

- Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;

- Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;

- Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);

- Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;

- Зейнетақы жинақтарын туысыңызға беру;

- Емделу.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...