Зейнетақы төлемін тағайындауда шетелдегі жұмыс өтілі есепке алынады

27 Мамыр 2019, 18:35
2078
Бөлісу:
Зейнетақы төлемін тағайындауда шетелдегі жұмыс өтілі есепке алынады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Зейнетақы төлемдерін тағайындауда шетелге арнайы барудың қажеті жоқ. Ол үшін азаматтың жұмыс істеген кезеңдерін мұрағаттық анықтама арқылы білуге болады. Бұл жөнінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаменті хабарлады. 

Тарихи отанына оралған ағайынның тағы бір мәселесі зейнетақы тағайындауда шетелдегі жұмыс өтілін есепке алдырту екені белгілі. Бүгінде мұның байыбына бара алмаған тұрғындардың талай мекеме табалдырығын тоздырып жататыны рас. Осы себепті мәселеге қатысты жауап берген Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Сәтеков аталмыш мәселенің бүгінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңымен реттелетінін айтады. Оның айтуынша, аталмыш заңның 2-бабы 2-тармағына сәйкес, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, зейнетақымен қамсыздандыру құқығын ел азаматтарымен бірдей пайдалана алады.

«Аталмыш заңның 11-бабы бойынша зейнетақы төлемдері ер адамдарға 63 жасқа толғанда, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 25 жыл еңбек өтілі болған жағдайда тағайындалады. Бұл жерде еңбек өтіліне тек қана Қазақстан Республикасында еңбек еткен кезең есепке алынса, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достатстығы (ТМД) елдеріндегі және басқа елдерде еңбек еткен кезең халықаралық келісімдерге сәйкес есепке алынады», - деді Болат Кәлімұлы. 

Жауапты тұлғаның айтуынша, ТМД арасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімі 1992 жылғы 13 наурызда Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Грузия, Әзірбайжан, Украина сияқты 12 мемлекет арасында бекітілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 14-бабына сәйкес, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңге зейнетақы төлемдерін есептеуде азаматтардың еңбек өтілі еңбек кітапшасындағы жазбалармен расталады.

«Еңбек кітапшасы жоқ, я болмаса онда тиісті жазбалар болмаса азаматтың еңбек өтілі жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың негізінде немесе сот шешімі арқылы анықталады. Сондай-ақ зейнетақы тағайындау кезінде еңбек кітапшасы жоқ немесе онда тиісті жазбалар жазылмаса, оларда нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архив мекемелерінен немесе жұмыс орнынан анықтамалар, мемлекеттік архивтен анықтамалар ұсынылады. Зейнетақы тағайындау үшін әр адам қажетті құжаттарды өзі жинақтайды. Қажет болған жағдайда Департамент азаматтарға құжаттарды жинау үшін мұрағаттарға сұраныс жасауға ықпал жасайды», - деп қосты департамент басшысы. 

Осылайша зейнетақы төлемдерін тағайындауда шетелге арнайы барудың қажеті жоқ екенін алға тартқан ол азаматтың жұмыс істеген кезеңдерін дәлелдеу үшін жұмыс істеген кезеңін, қай мекемеде, қандай лауазымда жұмыс істегенін көрсете отырып, мекеменің орналасқан жері бойынша мұрағатқа сұрау жолдау керектігін айтты.
 

Өзгелердің жаңалығы