Зейнетақы жинағын медициналық мақсатта пайдалану тәртібі түсіндірілді

19 Ақпан 2021, 17:28
1868
Бөлісу:
Зейнетақы жинағын медициналық мақсатта пайдалану тәртібі түсіндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Зейнетақы жинақтарын медициналық мақсатта қолдану үшін өтініш беруші арнайы есепшот ашуы қажет. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова өтініш беру тәртібін түсіндірді.

Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып www.enpf-otbasy.kz платформасында авторизациядан өтіп, «емделу» мақсатын таңдайды. Содан соң ЭЦҚ-мен қол қою арқылы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан қаражат алуға өтініш жолдайды. БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде емге қажет сомасын алушының арнайы шотына аударады. Қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін алушы диагностика жасау үшін медициналық маманға жүгінеді. Маманның қорытындысын алғаннан кейін алушы өзінің тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінеді және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса отырып, медициналық комиссияның қорытындысын беру туралы өтініш жолдайды, - деді ол.

 Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің бекітілген нысан бойынша емделуге жіберілуі туралы шешім шығарады немесе өтінішін растамайды. 

2 жұмыс күні ішінде комиссия хатшысы клиентке қорытындыны береді.

Оң қорытынды алғаннан кейін клиент өзі емделгісі келетін медициналық ұйымды таңдайды және онымен медициналық ұйымның осы қызмет түріне лицензиясын, аталған медициналық қызмет түрі мен медициналық комиссияның қорытындысы бойынша белгіленген диагнозы туралы ақпаратты қамтитын, медициналық ұйымның деректемелері жазылған келісімшартты құрады. 

Платформаға медициналық комиссияның қорытындысы мен медициналық ұйыммен жасалған келісімшартты жүктейді. «Отбасы банкі» 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексереді және клиенттің арнайы шотынан медициналық ұйымның шотына қаражат аударады, - деп түсіндірді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 25 ақпаннан бастап «Отбасы банк» емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан аумағында пайдалануға арналған өтініштерді www.enpf-otbasy.kz онлайн платформасында қабылдай бастайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде зейнетақы салымдарын медициналық мақсатта пайдаланудың қағидасы бекітілді. 25 ақпаннан бастап зейнетақы жинағы арқылы ем алу үшін өтініш қабылдана бастайды.

Өзгелердің жаңалығы