«Зекет» қоры баспанамен қамтудың тың жобасын жүзеге асыруда

3 Сәуір 2019, 12:42
5026
Бөлісу:
«Зекет» қоры баспанамен қамтудың тың жобасын жүзеге асыруда
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылған әр отбасының жеке баспанамен қамту жобасына ақмолалықтар да өз үлестерін қосуда. Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің жанынан құрылған «Зекет» қоры «Ел үлесі – пәтерге!» халықтық жобасын табысты жүзеге асырып келеді.

Өңірде өткен жылдан бастап қолға алынған тың жоба жайлы «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріп айтып берді.

«2013 жылы құрылған «Зекет» қоры жағдайы жақсы адамдар мен тұрмысы төмендердің арасын жалғайтын көпір іспетті. Қор бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Мұқтаж жандарға азық-түлік, отын-көмір, киім-кешекпен және қаржылай көмек көрсетіледі. Көбінесе көмекке зәру жандар бізге өздері келеді немесе естіп-білген жандарға қол ұшын созуға өзіміз барамыз. Мұндай қайырымдылық шараларына аудан имамдары да толық жауапты. Кез келген ауданға қарасты ауыл-аймақтың көмекке мұқтаж тұрғындары орталық мешітке келмей-ақ, жағдайын жергілікті жердегі имамдарға айтуларына болады және сол жерде көмек ала алады. Бұл жерде көпбалалы аналар ғана емес, көмекке шын мұқтаж отбасылар да басты назарға алынады. Мысалы, бір бағытты ұстанатын қорлар бар. Олар мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі балалар, науқас адамдармен ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал, бізде ондай шектеу жоқ. Көмекке мұқтаж адамдардың бәріне қол ұшын созуға дайынбыз. Мешітте ондай санатқа бөлу деген ұғым жоқ», - дейді Ерболат Шәріп.

Оның айтуынша, мұның барлығы бұқара халықтың қолдауымен жүзеге асып жатқан игі шаралар.

«Мешіттің жанында қайырымдылық дүкені бар. Мысалы, үйіңізде киілмей жатқан бүтін киімдерді осында алып келуіңізге болады. Дүкен дүйсенбі және сәрсенбі күндері күндізгі сағат 2-ден 4-ке дейін ашық тұрады. Жағдайы төмен отбасы мүшелері сол уақытта келіп, өзіне қажетті киімін алып жатады. Кез келген адам үйінде киілмей жатқан киімдерді мешітке әкеліп тапсырса, қаншама мұқтаж жандардың үсті-басының бүтін жүруіне себепкер болар еді», - дейді қор өкілі.

2018 жылы «Зекет» қоры қолға алған «Ел үлесі – пәтерге!» халықтық жобасы сәтті бастама болып шықты. Өткен жылы 11 айдың ішінде үш мұқтаж отбасына пәтер алып берілді.

«Жоспар бойынша 4 мың адам 2000 теңгеден садақа етсе, 8 миллион теңгенің көлемінде қаржы жиналуы тиіс еді және сол қаржыға үй-күйі жоқ отбасына пәтер алып береміз деп шештік. Бірақ біз ол қаржыны күтпей-ақ 45-46 шаршы метрлік пәтерлерді алып, жөндеу жүргізіп, дайын күйінде халықтың атынан табыс еттік. Каспий, Киви кошелек аштық және қала мешітінде журнал ашылды. Соған көмек бергісі келген адамның аты-жөні және салатын қаржысы жазылады», - дейді Ерболат Шәріп.

«Зекет» қоры арқылы баспанаға қол жеткізген Мәуленгүл Тарбах – жеті баланың анасы. Отағасы қайтыс болған. Ең кіші балалары 1-2 жаста ғана.

Екінші пәтер І топтағы мүгедек Гүлнәр Хамзинаға сатып алынды.

Алмагүл Еркінбекова деген жалғызбасты ананың алты баласы бар. Бұл отбасының басына түскен тауқыметті жағдайды бәрі біледі. Өртке оранған уақытша баспанадан бауырларын аман-есен алып шыққан Ұлдана деген ұлға татырлық батыр қыз жайлы барлық қазақстандық естіді. Міне, бұл отбасы да баспанаға қол жеткізді.

«Мұның бәрі қарапайым халықтың көмегінің арқасында жүзеге асты. Солардың қатарында бір студент баланы ерекшелеп айтқым келеді. Өзгелермен бірге ол апта сайын өзінің стипендиясынан және қосымша тапқан қаржысынан 2000 теңге әкеліп тұрды. Сол баланың қайырымды жүрегіне риза болып, Мәуліт тойы үстінде халық алдында марапаттадық», - деп атап өтті «Зекет» қорының жауапты өкілі.

Сондай-ақ, ол жалпы, әр айда әртүрлі сома жиналуы мүмкін екендігін айтты.

«Нақты мына айда осыншама жиналады деп айту қиын. Сондықтан биыл да мұқтаж отбасыларға пәтер алып береміз бе деп отырмыз. Осындай игі шаралардың арқасында садақа беріп, зекет қорына үлесін қосып жатқандар қатары өсіп келеді. Қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да кеңейте береміз», - дейді Ерболат Шәріп.

Өзгелердің жаңалығы