Заңсыз тауар, есірткі, ұрланған автокөліктер

1 Ақпан 2019, 12:58
2444
Бөлісу:
Заңсыз тауар, есірткі, ұрланған автокөліктер

Астана, BAQ.KZ. «Қорғас» шекаралық бақылау отрядының аумағында кеше кешкілік 22 жастағы қазақстандықтан шекарашылар декларацияланбаған, жалпы салмағы 30 кг-дан асатын жүк анықтап, актімен «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырды.

Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұған қосымша, қорғастық шекарашылар 22 кг иесіз қытай дәрі-дәрмегін тауып, кеденшілерге өткізді.

Петропавл шекара отрядына қарасты «Қызылжар-авто» өткізу бөлімшесінде біздің елімізден Ресейге қарай «ГАЗ 3705» акциздық маркасыз 550 блок темекі өнімдерін алып бара жатқан 53 жастағы қазақстандықтың затын тәркілесе, Қордай шекара отрядының «Қарасу-авто» бөлімшесінде «Ивеко Дэйли» автокөлігімен көрші елден біздің елімізге қарай 23 000 қорап темекіні рұқсат құжаттарынсыз өткізбек болған 51 жастағы қазақстандық ұсталды.

Сонымен қатар, Бейнеуде «Нүкүс - Бейнеу» бағытындағы № 647 жолаушылар пойызының купелерінің бірінен 120 шөлмек (60 литр) арақ табылып, оның иесі – 30 жастағы өзбекстандық азамат ұсталды.

Қостанай шекара отрядының «Қайрак-авто» бөлімшесіндев арнайы үйретілген қызметтік иттің көмегімен, Ресейге қарай «Вольво» жүк көлігімен өтіп бара жатқан 38 жастағы қазақстандық ұсталды. Оның қалтасынан шекарашылар салмағы 20 граммға жуық сұр-жасыл түсті, өсімдік текті, ұнтақ зат тапты. Иісі мен түрі гашиш есірткісіне ұқсас. Ұсталған азамат айғақ затымен бірге Қарабалық аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.

Сарыағаш шекара отрядының «Жібек жолы-авто» бөлімшесінде шекарашылар алдын ала берілген ақпараттар бойынша, біздің елден Өбекстанға қарай екі «Хюндай Солярис» және «Киа Рио» автокөліктерімен өтпек болған үш Тәжікстан азаматын ұстады. Олар Ресей Федерациясы аумағындан ұрланған автокөліктерді өз елдеріне транзитпен, Қазақстан аумағы арқылы алып өтпек болған екен. Ұсталғандар автокөліктерімен бірге Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы