Қызылордалықтар #Арысбізбіргеміз акциясына атсалысуда

25 Маусым 2019, 19:52
2541
Бөлісу:
Қызылордалықтар #Арысбізбіргеміз акциясына атсалысуда

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының халқы Арыс қаласының тұрғындарына көмек қолын созуда.

Бүгін түске дейін 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 тонна сүт жөнелткенін хабарлаған болатынбыз. #Арысбізбіргеміз республикалық акциясына атсалысқандардың қатарында "Абзал и К" компаниясының ұжымы да бар. Олар Арысқа 5 тонна күріш жіберді.

«Арыстағы оқыс жағдай баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Сын сағатта арыстықтарға «Абзал и К» ұжымы да көмек береді және қызылордалықтарды осылай шама-шарқының жеткенінше жәрдем беруге шақырамын», - деді компания басшысы Мағжан Ералиев.

Сонымен қатар, "Ақтөбе и К", "Абай Дәулет", «Жан Арай", "Сыр маржаны" және "Түгіскен ТШ", "Жаңажол" серіктестіктері және "Ақжарма 2", "Ақжарма и К", "Ақмая", "Төңкеріс К" шаруақожалықтары өндірген күріш өнімдерін Арыс қаласына жіберді.

Қызылордалықтар #Арысбізбіргеміз акциясына атсалысуда

Ал Қазалыдағы «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының қызметкерлері 100 мың теңгені арнайы арыстықтар үшін ашылған есеп-шотқа аударды.

«Жарылыстан зардап шеккен отандастарымыздың хал-ахуалына бейжай қарай алмадық. Сондықтан аз да болса өз үлесімізді қосып отырмыз», - деді бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Эльмира Нұрмағамбетова.

Қызылордалық полицейлер де бір күндік жалақыларын аударды.

«Облыс орталығының теміржол вокзалы маңында полицейлер халыққа көмектесуді жалғастыруда. Жолаушы пойыздары тоқтау себебінен жедел шаралар қолға алынуда. Полицейлер жолаушыларды қажетті бағыттағы автокөліктерге отырғызып, оларға тиісті көмек көрсетіп жатыр. Қажет болған жағдайларда медициналық көмек те көрсетілуде», - дейді Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Гүлжаһан Қайырбергенова.

Бұдан бөлек, аймақ бойынша 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші 1 күндік жалақысын аудармақ.

Сонымен қатар, Арал ауданы әкімдігінің мәліметінше, Арыста орын алған оқиғаға байланысты Сексеуіл стансасына 4 пойыз келіп тоқтаған. Осыған орай аралдық тұрғындар пойыздардың жолаушыларына қолдау көрсетуде.

Қызылордалықтар #Арысбізбіргеміз акциясына атсалысуда

Дәлірек айтсақ, түн уақытында Сексеуіл вокзалында кідірген 98 жолаушыға ыстық тамақ беріп, жататын орындармен қамтамасыз етті. Осылайша жолаушылар жергілікті уақытпен таңғы сағат 07.08 шамасында келген №22 «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызына орналастырылды. Сондай-ақ, жолаушылар арасында жол ақысы жоқ 42 азаматқа сексеуілдік тұрғындар қаржылай көмек жасады.

Бүгін сағат 10.48 минут шамасында келген №380 «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызынан барлығы 320-ға жуық жолаушы Сексеуіл кентінің теміржол вокзалынан түсіп, №22«Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының бастапқы 8 вагонына барлығы 420 жолаушы, оның ішінде 72 бала жайғастырылып, сағат 12.05 шамасында «Сексеуіл-Қызылорда» бағытына жолға шықты. Ал, №380 «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының бағыты «Сексеуіл-Жезқазған» бағытына өзгертіліп сағат 11.56 минут шамасында жөнелтілді.

Қызылордалықтар #Арысбізбіргеміз акциясына атсалысуда

Жалпы Қызылорда облысы аумағындағы стансаларға Арыстағы жағдайға байланысты тоқтаған 5 пойыздың 1200 жолаушысына жәрдем берілген. Оларды ыстық тамақ, сусынмен қамтамасыз еткен.

"Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестің айтуынша, гуманитарлық көмек беру шарасы әлі жалғасады.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында Арыс қаласының халқына көмек қабылдау пункті ашылды. Сондықтан мұндай көмек тағы ұйымдастырылады», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы