Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Назар Ерғазиев сегіз жылдан бері тазы асырайды.
Саятшылықты серік еткен аралдық жігіт шашақ құлақты тазылардың тұқымын көбейуде. Қазіргі таңда қолында қазақтың үш тазысы, алты күшігі бар.
«Мен шашақ құлақты тазыларды асыраймын. Бірақ сатып пұл қылмаймын. Мақсатым – оларды асырап, санын көбейту. Оған шын құмартқан жандар болса, тегін беріп жіберемін. Кейбіреуі ырымдап, аз-маз ақшасын беріп кетеді. Бермегендерінен сұрамаймын. Маған ата-баба жолын жалғастырамын деген ықыласы артық. Сегіз жыл ішінде сұрап келушілерге қанша тазы ертіп жібергенімді білмеймін, санынан жаңылыстым. Жөн білетін жігіттер «таза қанды тазы» деп баға берді. Бұған менің де күмәнім жоқ. Бірақ ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізген жоқпыз. Ол біздің міндетіміз емес», – дейді Н.Ерғазиев.
Назар бірер күн бұрын қансонарға шығып, қанжығасы қанданып қайтқанын айтты.
«Тазы ит – жеті қазынаның бірі. Ашаршылық заманда бір ауылды асыраған да осы текті тұқым. Адамға адал, қастық қылмайды. Аш болса да сасыған тамақ пен өлексе жемейді. Аңға шыққанда қоян алса, иесі ұсынбаса, жұлмалап, ауыз салмайды. Қаншама аңның қаны жұқса да үстінен жағымсыз иіс шықпайды. Айтқаныңды істейді, кейде ойыңды айтпай-ақ түсінеді. Шапшаң қимылдайды. Алғыр, өжет. Айлакерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Жуырда қансонарға шығып, олжалы қайттық, қанжығамыз қанданды. Бір түлкі жортып бара жатыр еді, тазылар ізінен қуа жөнелді. Бірақ сәлден соң біреуі тоқтады да барлап тұрды. Түлкі тазылардан құтылу үшін кілт бұрылып, бағыттан жаңылыстырмақ болған. Әлгі тазы «күткенім осы еді ғой» дегендей түлкінің бұрылған жағына қарай зулады дейсің. Сөйтіп бірінші болып жетті. Соңынан ерген тазылар да жемтігін қоршап алды. Қызыл түлкіні желкесінен тістеп, аунатқанына риза болып қарадық», – дейді Назар.
Аралдық жігіт тазы иттерді көпшіліктің көзіне көрсетпей, жасырын бағуға мәжбүр. Өйткені, тазылардың бағасы қымбат болғандықтан қызығушылар көп. Егер жұрттың назарында ұстап, ашық түрде асыраса, бәзбіреулер ұрлап кетуі мүмкін екен.
«Сұқтанған сырткөзден сақтаймыз деп әлекпіз. Десек те, еркіндікті жақсы көретін тазыларды далаға шығарып, жүгіртіп, бойын жазып тұрамын. Қазір бір тазының күшігі кемі 10 мың теңгеге бағаланады. Бір ғасыр бұрын аталарымыз бір тазыны 47 жылқының құнына теңестірген. Осыған қарап-ақ, таза қанды тазының қасиеті мен қадіріне жете қоймағанымызды байқауға болады», – дейді ол.
Тазыға құмартқан жігіттердің бірі, Назардың көршісі – Жанай.
«Қазір бір тазы асырап жатырмын. Назардан күшік кезінде алғанмын. Көршімнің ісіне тәнтімін. Осындай азаматтардың жанашырлығының арқасында Арал ауданында қазақы тазыларды асыраушылар көбейді. Жақында қазақтың құмай тазысын Ресей патенттеп алғалы жатыр деген жаңалықты естігенде осындағы жігіттер өре түрегелді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп, олар үндеуін видеоға жазып, әлеуметтік желі арқылы таратты. Шындығында, қазақтың тазысына өзіміз ие бола аламыз. Назар сынды тазы иттің бабын да, жайын да жақсы білетін жігіттер бар. Олар тазының таза түр-тұрпатын сақтауға да көңіл бөліп, өзге тұрқыммен шатыстырмауға күшін жұмсауда», – дейді ол.
Назардың айтуынша, Арал ауданында тазылар жарысы сирек те болса өткізіліп тұрады. Екі жыл бұрын жеті қазынаны жанына серік еткендер қазақы иттің жүйріктігін, ептілігін, шапшаңдығын сынапты. Сайысқа Арал қаласынан бөлек, өзге өңірлерден де қатысқан. Ұзын саны елу шақты тазы.
«Сол сайыста небір мықтыларды көрдік. Бірақ бұл жарысқа ауылдық жерлерден тазылар қатыса алмады. Бүгінде Аралқұм, Шижаға, Жақсықылыш, басқа да ауылдарда текті ит тұқымын асыраушылар көбейді. Сондықтан, келешекте мұндай жарыстарды ұйымдастырып тұрсақ деген ой бар», – дейді тазы асыраушы.