Қызылордалық студенттер кәсіпкерлік пәнін оқитын болады

21 Тамыз 2019, 06:11
2286
Бөлісу:
Қызылордалық студенттер кәсіпкерлік пәнін оқитын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігі қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 50 мыңға жуық студентті кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл студенттерді республика бойынша арнайы біліктілік курстарынан өткен 821 оқытушы оқытпақ.

Биыл Қызылордада 107 орта мектеп пен мемлекеттік жоғары және кәсіптік техникалық оқу орындарында оқушылар мен студенттерге кәсіпкерлік негіздері оқытылатын болады. Аймақта аталған пән бойынша оқытатын мұғалімдер мен оқытушыларға әдістемелік бағыт-бағдар беруге арналған 10 күндік оқыту курсы басталды.

Тамыз айының 19-29 күндері Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының 56 мұғалімі, сондай-ақ облысқа қарасты жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының 39 оқытушысы оқытылса, қалған аудан мұғалімдері қыркүйек айында біліктілігін жетілдіретін болды.

Оқу курсы барысында оқытушылар маркетингтік зерттеу жүргізу, анализ жасау, бизнес-модель, жоспарлау, кәсіпкерлік мәдениет және т.б. тақырыптар бойынша білім алады.

«Мектеп оқушылары мен студенттерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту арқылы жастардың жоспарлау, талдау жасау, шешім қабылдау қасиеттерін дамыту, болашақта жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар қатарын арттыру көзделген. Қазіргі өтіп жатқан курс 10 күнге жоспарланған. Алайда біздің бизнес-тренерлеріміз 3 ай көлемінде мұғалімдер мен оқытушылардың оқу бағдарламасына, өткізу әдісіне сүйемелдеу жүргізетін болады. Осылайша, «Атамекен» ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлмира Әлназарова.  

«Кәсіпкерлік негіздері» пәні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2014 жылы пилоттық негізде Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында енгізілген болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе, «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы ретінде республиканың барлық мектептеріне енгізу жөнінде шешім қабылданды.

Енді бұл пән жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының 3-4 курс студенттерінің оқу бағдарламаларына да енгізілмек.  

Өзгелердің жаңалығы