Қызылорда облысының камералық оркестрі халықаралық фестивальге қатысуда

24 Ақпан 2019, 11:15
2271
Бөлісу:

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі Босния мен Герцеговинада өтіп жатқан классикалық камералық оркестрлердің халықаралық фестиваліне қатысуда.

16 ақпанда шымылдығы ашылған фестиваль 27 ақпанға дейін жалғасады. Сыр өңірінің оркестрі айтулы шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бас хатшылығының шақыруымен барып отыр. Босния мен Герцеговина мемлекетінен бөлек, Сербия мен Венгрия елдерінде гастрольдік сапармен араламақ.

Қызылорда облысының камералық оркестрі халықаралық фестивальге қатысуда

Қызылорда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуованың мәліметінше, камералық оркестр құрамында 18 аспапта орындаушы және қылқобыз солисі Айнуза Бегімсалова бар. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Анвар Акбаров және Түркиядан келген Севал Кадыоглу дирижерлік етуде. Ал көркемдік жетекші - Анар Жаңбырбаева.

Фестивальдің ашылуында Түркияның Сербиядағы елшісі Халдун Коч шығармашылық ұжымдарға алғыс айтты, сондай-ақ ол аталған халықаралық фестивальдің ұзақ жылдар бойы ұйымдастырылып келе жатқанын жеткізді.

Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Ержан Әбдірахмановтың айтуынша, осы шараға қызылордалық камералық оркестр алғаш рет қатысып отыр.

Қызылорда облысының камералық оркестрі халықаралық фестивальге қатысуда

«Біз үшін, оркестр үшін игі бастама және тәжірибе болды. ТҮРКІСОЙ Бас хатшысының орынбасары Филат Мұрташ қызылордалық музыканттарға осы фестивальге қатысқандары үшін ризашылығын білдірді", - дейді Ержан Ахметұлы.

Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен аймақта камералық оркестр құрылған болатын. Оркестр облыста, республикада түрлі концертте өнерін көрсетіп, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. 2016 жылы қазанда Алматы қаласында өткен «Әуен Фест» камералық оркестрлердің республикалық фестиваль-конкурсында, 2018 жылы маусымда Түркияда өткен ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына орайластырылған өнер фестивалінде үшінші орын иеленді.

 

Ибраш Әли
Өзгелердің жаңалығы