Қырғызстан ЕАЭО аясында өткізу пунктерін модернизациялау мерзімін ұзартады

24 Қыркүйек 2020, 11:59
1347
Бөлісу:
Қырғызстан ЕАЭО аясында өткізу пунктерін модернизациялау мерзімін ұзартады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында өткізу пунктерін модернизациялау мерзімдерін ұзартады. Бұл туралы Сенат отырысында белгілі болды.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды қолдану туралы хаттамаға тиісті түзетулерді Қазақстан Сенатының депутаттары ратификациялады.

Пленарлық отырыста ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтқандай, хаттамада Қырғызстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пунктерін жаңарту кезеңін ұзарту ұсынылады.

Қырғызстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы өтпелі ережелерге сәйкес, одақтың кедендік шекарасындағы Қырғызстан Республикасының барлық өткізу пунктерін 24 ай ішінде, нақты айтсақ 2017 жылдың 12 тамызына дейін жайғастыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге өзіне міндеттеме алған болатын. Қырғызстан тарапы аталған мерзімде үлгермеді. Осыған байланысты мемлекеттердің басшылары 2018 жылғы 14 мамырда Сочи қаласында мерзімді тағы да екі жылға, яғни 2019 жылдың 12 тамызына дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойған болатын, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, Қырғызстан тарапына бұл мерзім де жеткіліксіз болды.

Сол себепті мемлекеттердің басшылары 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының шеңберінде «48 айдан» «72 айға» дейін, яғни 2021 жылдың 12 тамызына дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойды. Осы хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді, - дейді министр.
Сенаторлар аталған заң жобасын ратификациялаудың арқасында Қырғызстанның сыртқы шекарасындағы кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды азайтуға және жолын кесуге болатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы