Бас жаңалықтар
Үйінде той жасаған қызылордалыққа айыппұл салынды
24 Наурыз 2020, 11:04 10519

Үйінде той жасаған қызылордалыққа айыппұл салынды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысында құзырлы мекемелер көшелерді, кәсіпкерлік нысандарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Қызылорда қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановтың мәлімдеуінше, облыс орталығында 16-23 наурыз күндері рейд жүргізілген. Соның нәтижесінде 11 әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттары сотқа жолданды.

Қаладағы барлық кәсіпкерлік нысандарда арнайы нұсқаулықты басшылыққа алып тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кафе, мейрамханалар кешкі сағат 10:00-ге дейін жұмыс істеу керек. Адам саны бір мезетте 50-ден аспауы тиіс. 16 наурыздан бері тұрақты жүргізілген рейдтік жұмыстар нәтижесінде қала аумағында кәсіпкерлік нысандар тәртібі ретке келіп қалды. Алайда төтенше жағдай кезіндегі нұсқаулықты бұзу фактілері орын алуда. Яғни 11 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның құжаттары сотқа жолдануда. Солардың қатарында кафелер, компьютерлік ойын клубтары, мейрамханалар бар. Ал бір дерек үйде той өткізгенге қатысты болып отыр. Барлық кәсіпкерлерді президенттің жарлығында көрсетілген талаптарды қатаң сақтап, 15 сәуірге дейін нұсқаулық орындалуын сұраймыз. Себебі бірінші орында - адамның, халықтың денсаулығы, - дейді Алмасбек Есмаханов.

Нақтырақ айтсақ, 22 наурыз күнгі рейд кезінде үйінің ауласына көп адам жинап, той жасаған қала тұрғыны анықталды. Той иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы "Төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 10 АЕК айыппұл салынды немесе оған 15 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылмақ.

Сонымен қатар, Қазалы аудандық соты баспасөз қызметінің өкілі Ақылбек Қазыбекұлының хабарлауынша, Қазалы ауданында да төтенше жағдай режимін бұзғандар анықталған.


той1.jpg

Ауданымыздың 2 кәсіпкері 2020 жылдың 18 наурызында өз меншіктеріндегі кафелерде келушілерді сағат 22.00-ден кейін де ұстап, қызмет көрсеткен. Осыған орай кеше Қазалы аудандық сотында "TrueConf" мобильді байланыс жүйесін қолдану арқылы аталған азаматтарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабымен қозғалған әкімшілік істер қаралды. Сот қаулысымен азамат М.-ға 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы, ал әйел азамат А.-ның тәрбиесінде 14 жасқа толмаған кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты 26 510 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ. Осы орайда, аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді төтенше жағдай режимін бұлжытпай орындауға, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз!, - дейді сот өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында келім-кетім көліктер мен азаматтарды тексеретін медициналық бақылау бекеттері ашылғанын хабарлаған болатынбыз.

 



Фото: дереккөз
Загрузка...