Бас жаңалықтар
Ясауи жайлы аңыздардың балаларға арналған топтамасы ұсынылды
05 Тамыз 2020, 18:34 241

Ясауи жайлы аңыздардың балаларға арналған топтамасы ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "100 аңыз" кітабындағы аңыз-әңгімелер арқылы Қожа Ахмет Ясауидің балалық шағы, ұстаздары мен шәкірттері, өмірлік жолы мен өнегесі сипатталады.

Бұл туралы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі карантин режиміне байланысты бұқара халықпен тұрақты түрде онлайн қызмет атқарып жатқаны белгілі. Осы орайда балалардың жазғы демалысын тиімді пайдаланып, аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерді кеңінен насихаттау, патриоттық сезімге баулуға ықпал ету, тарихи орындар мен тұлғалар жайлы тереңірек танып-білуге шақыру мақсатында​ аңыз-әңгімелер топтамасын балалар тілінде ұсынуды қолға алды, - делінген хабарламада.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жинақтаған "100 аңыз" кітабындағы аңыз-әңгімелер арқылы Қожа Ахмет Ясауидің балалық шағы, ұстаздары мен шәкірттері, өмірлік жолы мен өнегесі, тарихи орындар мен тұлғалар жайлы бейне көрсетілімдер анимация және деректі фильмдер мен графикалық суреттерді құрастыра отырып сипаттайтын болады.

Балаларға арналған аңыз-әңгімелер "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Facebook-тегі парақшасында, Youtube арнасы мен ресми сайтында жарияланады.

Айта кетсек, наурыз айынан бері елімізге белгілі зерттеуші, ғалымдар мен тарихшылар, археологтар және реставраторлардың қатысуымен тарихи-танымдық бағытта онлайн-дәрістер мен кездесулер, көрмелер мен "Бір жәдігер - Бір тарих" атты бейнешолулар, киелі орындарға бейнесапар, "Экскурсовод сағаты" сынды көптеген бағыт аясында музейдің тыныс-тіршілігі үздіксіз ақпараттандырылып келеді.

Төл тарихымыздың, ұлылардың ескірмес аманатын бүгінгі және болашақ ұрпаққа өз қалпында жеткізуі тиіс маңызды орын​ - қорық-музей ұжымы қашықтан қызмет етуде балаларды да назардан тыс қалдырмай, балалар арасында "Түркістан және тарихи орындар мен тұлғалар" жайлы ізденісті арттырып, таным көкжиегін кеңейту үшін онлайн-сауал шарасы мен қылқалам шеберлерінің көрмесі және шеберлік сабағын ұйымдастырған болатын, - делінген таратылған ақпаратта.


Фото: дереккөз
Загрузка...