Бас жаңалықтар
Ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай прогресс жоқ – СІМ
15 Мамыр 2019, 10:56 532

Ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай прогресс жоқ – СІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев таныстырды.

«Шарт бұрын тыйым салынбаған жаппай қырып-жою қаруларының соңғы түрі – ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы халықаралық құжат. Өз кезегінде ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салу ядролық қарудың толық жойылуы үшін қажетті алғашқы қадам ретінде қарастырылып отыр. Шарт ядролық қару немесе ядролық жарылғыш құрылғыны өндіру, сынау, сатып алу, беру, сақтау және өз аумағында орналастыруға тікелей тыйым салады. Сонымен қатар, шарттың ережелеріне сәйкес ядролық қаруды пайдалануға және оны қолдану тұрғысынан қорқытуға тыйым салынған», - деді Ержан Ашықбаев.

Оның сөзінше, ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 20-шы қыркүйектен бастап Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы аясында қол қою үшін ашылды және 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. 

«Қазіргі уақытта шартқа 70 мемлекет қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады. Шарттың күшіне енуі реалистік бағамдарымыз бойынша 4-5 жылға созылуы мүмкін. Қазақстан шартқа ресми түрде қол қойған. Соңғы екі онжылдықта ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай прогрестің жоқтығы байқалып отыр. Ядролық сынақтардың тоқтатылуына қарамастан, қару-жарақтың жаңа түрлерін шығару және оларды жеткізу құралдарын жетілдіру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сай келеді», - деді вице-министр.

Бұған қоса бүгін Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018  жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қорытынды әзірлеуге кірісті.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық